Жолдар мен басқа да инфрақұрылымдық жобаларды салу кезінде 3D модельдеу не береді?

        14 желтоқсан 2020

        BI Group холдингінің құрамына кіретін BI Infra Construction компаниясы 2019 жылы 3D модельдеуді енгізді. Осының арқасында күтпеген нәтижелер алынды.

        Автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің көпшілігіне  жобаның екіөлшемді ме немесе үшөлшемді ме, қалай болатыны бәрібір. Алайда бұл тек біржақты көзқарас қана. Шындығында, айырмашылығы өте үлкен. Бұл жердегі әңгіме салық төлеушілердің инфрақұрылымдық жобаларға, олардың іске асырылу мерзіміне, тіпті олардың жарты жолда жарылып кетуі сияқты ойламаған кедергілерге жұмсалатын қаражаты туралы болып отыр. Иә, сіз құбырлардың ескіргендігінен ғана сусыз қалмайсыз. Көбінесе бұл жобалық-сметалық құжаттаманың сапасыз жасалуына байланысты болады. Құбырлардың бір-бірімен қиылысатыны екіөлшемді модельдеуде көрінбейді. Нәтижеге жете бергенде, кенеттен құбыр жарылады. Әрі қарай не болатыны бәріне белгілі. Тұтынушылар сусыз қалады, коммуналдық қызметтер немесе құрылысшылар жобалау кезеңінде алдын алуға болатын төтенше жағдайды жоюға миллиондаған қаражат жұмсайды.


        Осы және басқа да жағдайлар туралы BI Infra Construction компаниясының BIM енгізу бөлімінің бастығы Әнуар Садықов айтып берді.


        - Әнуар, жобаны 2D және 3D моделдеудің арасында қандай айырмашылық бар? 

        - Екіөлшемді жобалау кезінде бір сызбада кәріз жүйесі, екіншісінде сумен жабдықтау, үшіншісінде қуат кабелі болады. Үшөлшемді графика мұның бәрін біріктіруге әрі құбырлардың түйіскен жерін көруге мүмкіндік береді. Оның үстіне, өлшемі де неғұрлым нақты болады. Мысалы, құбырлар арасындағы қашықтық 40 сантиметрді құрайды. Бұл жеткілікті сияқты болып көрінгенімен, құбырлардың диаметрі 30 сантиметр екенін ескеруіміз керек. 10 сантиметр аз ғана қашықтық болғанымен, желідегі жолдың жоғарғы жағына қысымның көбеюінен, астындағы құбырларды немесе басқа да құрылыс жұмыстары кезінде желілерді зақымдауы мүмкін.


         - Үшөлшемді модельдеу қосымша жұмыстардың туындамауына немесе қайта жөндеу жұмыстарының болмауына көмектесе ме?

         - BI Group-та алғаш рет үшөлшемді модельдеуді 2016 жылы енгізген BI Development компаниясының тәжірибесі туралы айтқым келеді. Бұрын екіөлшемді модельдеу кезінде қателіктер болып тұрды, оларды қайта істеуге жобаның бастапқы құнындағыдай қаражат кететін. Қазір жоба жетекшісі мен бас инженер барлық қажеттіліктерді, тіпті ӨТБ қызметкерлерінің берген деректерін нақтыламай-ақ, қанша бетон қажет екенін біледі.


        Жол құрылысы кезінде де осындай жағдай орын алған. Жақында қызметкерлер жол негізінің төменгі қабатын кесек тастармен бекіту кезінде жарықтандыру тіректері үшін бос жолақ қалдыру керек екенін анықтады. Бұл жер жұмыстарының сызбаларында көрсетілмеген. Бір шұңқырды бұрғылау шамамен 30 000 теңге тұрады. Оған қосымша жұмыс аптасын қосыңыз, өйткені әңгіме бүкіл көше туралы болып отыр. Бұл жерде жобада табылған инженерлік желілердің көптеген қиылыстарын айтпағанда, осындай қаражат кетеді.


        - Яғни  компанияның артық шығын жұмсамауына 3D көмектесіп тұр ғой, өйткені  тапсырыс беруші біздің есептен жаңылысқанымыздың орнын толтырмайды емес пе?

        - Өте дұрыс байқадыңыз. Егер біз қажетті нәрселерді ескермесек, ол – өз мәселеміз. Мәселен, Қостанай облысында жол салу кезінде үшөлшемді графиканың арқасында ескерілмеген жұмыс түрі – өсімдік қабатын алу анықталды. Ақшамен есептесек, бұған шамамен 40 миллион теңге жұмсалады. Жұмысты бітіріп, жоба жабылғаннан кейін келісілген сомадан тыс бұл ақшаны алу өте қиын болар еді. Іс жүзінде кез келген жұмыс жобасында қателіктер мен сәйкессіздіктер болады, кейбіреулері жобалау кезінде, кейбіреулері құрылыс жұмыстары кезінде, ал кейбіреулері жоба аяқталғаннан кейін де кездесіп жатады. Осы қателіктерге байланысты шығындарды тапсырыс беруші немесе құрылыс ұйымдары өтейді. 3D көмегімен тұтастай жобалау ұжымының, тапсырыс берушілер мен құрылысшылардың жіберіп алған қателіктерін тек 2 адам ғана тауып береді.


        - Тапсырыс берушілер мен жобалаушылардың 3D-ға көзқарастары қалай?

        - Әзірге тек құрылысшылар ғана белсенділік танытып отыр. Тапсырыс берушілер асығар емес. Жобалаушылар бұған әртүрлі қарайды. Біреулер ескі 2D тәсілімен жұмыс істеуге дағдыланған. Адамдарды түсінуге болады. Ыңғайлы аймақтан шыққылары келмейді. Оның үстіне, 3D-ға көшуге қаржылай да, уақыт бойынша да белгілі бір шығындар кетеді. Алғашқы екі-үш жобада 3D оның екіөлшемді нұсқасына қарағанда 40% көп уақытты қажет етеді, бірақ бұл – сол жұмсалған уақытқа тұрарлық тәсіл. Сондықтан біздің компаниямыз ВІ Development-тің ізімен тек үшөлшемді жобаларды қолданатын болады.


        - Батыста үшөлшемді жобалауды енгізу жағдайы қалай?

        - Жаңа технологиялардың негізін қалаушылар британдықтар болды. Еуропада жаңа технологиялар 2000 жылдардың басынан бастап әртүрлі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде белсенді қолданылады. Шведтер мен даниялықтар үлкен жетістікке жетіп отыр. Біз 2019 жылы олардың инфрақұрылымдық жобаларына барып қайттық. Олар үшөлшемді жобалауды кеңседе ғана емес, құрылысқа да енгізген, құрылыс алаңында құрылыс жұмыстарының басшысы мен шеберін кездестірмейсіз, тек техника ғана жұмыс істейді. Бульдозершіге 3D моделі жүктелген, ол сонымен топырақты шығарады. Біз де инновацияларды белсенді түрде енгізіп жатырмыз. Әрбір BI Infra жобасында 3D нивелирлеудің GPS жүйесі орнатылған. Осының арқасында автогрейдерлердің жұмыстарының тиімділігі 30%-ға артты. BI Group холдингі жол және инфрақұрылымдық құрылысқа азаматтарымыздың жұмыс істеулеріне ыңғайлы басқа да инновациялық жаңалықтарды белсенді түрде енгізіп жатыр. 




        Сайтта жарияланатын материалдарға барлық құқықтар BI Group компаниясына тиесілі © 1995-2025
        Пайдаланушыға сайтта орналастырылған кез келген материал BI Group компаниясының (құқық иесі) зияткерлік меншік нысаны болып табылатыны туралы ескертілді. Пайдаланушы құқық иесінің алдын ала жазбаша рұқсатынсыз зияткерлік меншік нысандарымен қандай да бір әрекетті жүзеге асыруға құқылы болмайды, олай болмаған жағдайда, құқық иесі ҚР заңнамасында қарастырылған айыппұлдарды өндіріп алу, сондай-ақ өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құзырлы органдарға жүгіну құқығын өзіне қалдырады.
        Осы сайтта ұсынылған кез келген ақпарат тек ақпараттық сипатқа ие және ешбір жағдайда жария оферта болып табылмайды.