10 ай ішінде жаңа жоғары оқу орны салынды - Astana IT University

10 ай ішінде жаңа жоғары оқу орны салынды - Astana IT University
Бұл елімізде сұранысқа ие ІТ-мамандарын дайындайтын Нұр-Сұлтандағы алғашқы жоғары оқу орны. Оған қоса студенттер әдеттегідей 4 емес, 3 жыл оқитын болады.
ЖОО құрылысын BI Group компаниясы жүзеге асырды. Компания алдында күрделі міндет тұрды – қысқа мерзімде басқаларға ұқсамайтын оқу орнын салып беру. Және команда өз міндетін абыроймен атқара білді.
- Мұндай заманауи университет әлемнің кейбір елдерінде ғана бар. Бұл жерде барлық жағдай жасалған: жабдықталуы, АҚШ, Еуропа, Азия оқытушылары, ең бастысы сіздерге байланысты, сіздер Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына тезірек кіруі үшін, заман ағымына сай ілесіп жүру керексіздер, - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары студенттердің алдында сөйлеген сөзінде.
Өз кезегінде «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қорының» директоры Динара Құлыбаева білікті мамандарды ғана емес, сонымен қатар студенттерге жоғары адамгершілік-рухани құндылықтарды тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті:
- Осы тұста маған неміс философы Иммануил Канттың сөздері ойыма оралады: «Өмір бойы мені екі нәрсе таңдандырумен келеді: төбемдегі жұлдызды аспан мен бойымдағы моральдық заң».
Астана әкімі елордада киберспорттан чемпионат өткізуді ұсынды, ал студенттер бұл ұсыныспен толықтай келісті. Сондай-ақ Алтай Көлгінов стартап жобаларды қолдауға уәде беріп, болашақ мамандарды көршілес орналасқан Astana Invest, iKomek қалалық кәсіпорындарына жұмыс жасауға шақырды.
Ғимаратта студенттер үшін барынша жағдай жасалған. Оқу корпусы жайлы лаунжға ұқсайды, бірақ онда ашық кеңістік, яғни open space алаңы көп. Паркинг пен техникалық қабатты есептемегенде 3 қабаттың көлемі - 37 617 шаршы метр. Ғимаратта 680 бөлме, оның ішінде 140 аудитория, оқу залы бар кітапхана, 400 орынды асхана, 450 орынды спорт, жаттығу және мәжіліс залы, коворкингі бар. «Бізде Apple, 1C, Oracle және басқа да компаниялардың тақырыптық кабинеттері бар. Студенттер үшін заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнаттық, бұл өте ыңғайлы», - деп атап өтті жоба жетекшісі Айтбай Әбенов.
Университетте 3 200 студент, оның ішінде 2 600 бакалавр және 600 магистрант білім алады деп жоспарлануда. Техникалық мамандықтар бойынша оқыту ағылшын тілінде, гуманитарлық пәндер – оқыту тіліне байланысты мемлекеттік немесе орыс тілінде жүргізіледі. Astana IT University-де оқу 3 жылға есептелген, одан кейін түлектер Қазақстанда 3 жыл жұмыс істеуі тиіс.