Нұр-Сұлтанда баланы аман алып қалған батырға көршілері құрмет көрсетті

Бүгін
Нұр-Сұлтанда үш жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаевқа
батыл әрекеті үшін «Камал» ТҮК тұрғындары алғыс білдірді.
Жиналғандар ержүрек
батырмен көрші болу үлкен мәртебе екенін атап өтті. Расында,
осындай қамқор жандардың арқасында адамдардың өмірі сақталады.
BI Service басқарушы компаниясы да батыл тұрғынға алғысын
білдіріп, марапатын табыс етті.
Айта кетейік, оқиға бүгін «Камал» тұрғын үй кешенінде
болған. Бала 8-ші қабаттағы терезеден шығып, пәтерге қайта көтеріле алмаған.
Бақытымызға қарай, сол кезде жұмысқа асыққан 36 жастағы Сәбит Шонтақбаев жылап
жатқан сәбиді көріп қалады. Ол ойланбастан, өз басын қатерге тігіп, қыздың
өмірін сақтап қалуға асығады.
«Мен асылып тұрған
баланы көрдім, маған жалғыз ой келді - оны құтқару. Сол сәтте мен өзімді ойлай
да алмадым», - деді кейіпкер.
Сәбит құрылыс алаңында жұмысшы болып жұмыс істейді.
Жұбайы мен төрт баласы Қызылордада тұрса, өзі елордада жалдамалы пәтерді
баспаналайды.
Ол ептілік пен жақсы дене бітімін өзінің әскери
мансабымен байланыстырады. Бұрын Сәбит Шонтақбаев шекарашы болып жұмыс істеген.
«Жұбайым бейнені
көріп, жарайсың деді. Мен қыздың ата-анасын көрмедім. Оны құтқардым да, жұмысқа
асығып, жетінші қабаттағы көршіме беріп кеттім», - дейді кейіпкер.
Айта кетейік, бүгін батырға Төтенше жағдайлар министрлігі
де «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі мен қол сағатын табыстап,
марапаттады.
BI Service барша тұрғындарға: «Құрметті ата-аналар,
балаларыңызға қамқорлық танытып, оларды қараусыз қалдырмаңыздар! Терезелерге
арнайы қорғаныс орнатыңыздар (торлар, блокаторлар немесе арнайы құлпы бар
тұтқалар). Баланың өмірі мен
денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ!».