«BI-Жұлдызай» Қайырымдылық қоры 2020 жылдың жұмысын қорытындылады

        25 қаңтар 2021

        Мыңнан астам жас қазақстандық медициналық оңалтудан өтіп, алғашқы сөздерін айтып, бірінші қадамдарын жасады.

        «BI-Жұлдызай» Қоры өткен жылы карантиндік шаралар мен пандемиядағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, қайырымдылық қызметін жалғастырып, күрделі медициналық диагнозы бар 1253 балаға көмектесті.

         «BI-Жұлдызай» 17 жыл бойы ерекше қажеттіліктері бар балаларға материалдық, әлеуметтік және медициналық көмек көрсетіп келеді.

        «2020 жыл бәріміз үшін қиын жыл болды, біз жылды қорытындылай келе, өмірде бір-біріміздің денсаулығымыз бен қолдауымыздың қаншалықты маңызды екеніне тағы да бір көзімізді жеткіздік, - деді Қор директоры Гүлхан Исабаева. – Жылдан-жылға біздің жетістіктеріміз бен нәтижелеріміз айтарлықтай өсіп келеді. «BI-Жұлдызай» әрдайым адамдарды айналадағы тіршілікке бей-жай қарамауға шақырады. Өткен жылғы пандемияға байланысты шектеулер жұмысымызға бірқатар түзетулер енгізді, кейбір іс-шара кейінге қалдырылуы керек еді, бірақ қиын-қыстау кезеңнің өзінде көп нәрсеге қол жеткізілді! Биыл да Қайырымдылық қоры алға қойған өз миссиясын жалғастыратын болады». 

        Қордың қызметі құрылыс холдингі қызметкерлерінің жалақысынан аударылатын ай сайынғы аударымдар мен жекелеген меценаттардың аударымдары есебінен жүзеге асырылады. 2020 жылы жиналған барлық қаражат дамуында ерекшеліктері бар балаларға медициналық көмек көрсету мен оңалтуға бағытталды.

        Былтыр Қор 1253 балаға көмек көрсетті. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 479 балаға оңалту шаралары жасалды. Сонымен қатар «Жұлдызай» медициналық орталықтарында 774 балаға келісімшарт бойынша қызмет көрсетілді. «Ерте жастағы оңалту» жобасы бойынша 3 жасқа дейінгі 259 сәбиге көмек берілді.


        2020 жылы барлығы 52603 оңалту қызметі көрсетілді.

        Ұлтымыздың дәстүрі бойынша «Тұсау кесер» рәсімі өткізілді. Бір жыл ішінде тағы 10 бала «Жұлдызай» орталығындағы оңалтудың арқасында алғашқы қадамдарын жасады. «Тілашар» дәстүрі қайта жаңғырды. Тілінде мүкісі бар 14 бала өмірлеріндегі алғашқы сөздерін айтып, ата-аналарын қуанышқа бөледі.


        Орталық мамандары 1088 балаға өзіне-өзі қызмет көрсету мен жүріп-тұру дағдыларын жақсартуға көмектесті. 650 баланың оқу дағдылары дамытылып, тілінде мүкістігі бар 880 балаға арнайы ем жүргізілді.

        Тәлімгерлік бағдарламасы бойынша 28 кеңес беріліп, 1 шеберлік сағаты өткізілді, онда отандық хирург дәрігерлер Литвадан келген жетекші хирург-ортопед Виргилийс Урбанавичюспен бірге Атырау мен Алматы қалаларында инновациялық әдіспен 12 ота жасады.


        Қордың медициналық орталықтарының жергілікті мамандары да білімдерін жетілдірді. «Медициналық оңалтуда тіршілік әрекеті мен денсаулықтың қызмет етуінің, шектелуінің халықаралық жіктемесін (ХҚЖ) қолдану» тақырыбында 6 дәрігер, Ресей Денсаулық сақтау министрлігі А.Н. Бакулев атындағы ССХ ФМБИ НМИЦ «Балаларды Оңалту орталығы жағдайында туа біткен жүрек ақауын хирургиялық түзетуден (ТЖА) кейін оңалту» курсын 24 қызметкер қашықтықтан оқыды. 


        2020 жылы «Жұлдызай» медициналық оңалту орталықтарындағы жабдықтар жаңа құрал-саймандармен толықты:

        h/p/cosmos mercury жүгіру жолына негізделген Zebris бейнеталдау жүргізу қызметін көрсететін эрегометриялық жүйесі. Бұл денені тепе-теңдікте ұстауды жақсартуға көмектеседі.

        Тыныс алуды жақсарту мен ағзаның зардап шеккен бөліктеріне қан жүргізуге, ағзаның резервтік және компенсаторлық мүмкіндіктерін арттыруға арналған «OРMED-кинезо» механотерапиялық қондырғысы.

        Иммунитетті жақсартуға, тіндер мен ағзаларды қалпына келтіру процестерін жеделдету үшін қолданылады BTL Smart физиотерапиялық құрылғысы.

        Зат алмасу мен қан айналымын жақсартуға, денедегі артық сұйықтықты кетіруге бағытталған BTL-6000 Lymphastim прессотерапия аппараты

        AB HUR OY функционалды қалпына келтіруге арналған көпфункционалды блокты пневматикалық жаттықтырушы (Pulley)

        Диагностикалау мен жаттығуларға төзімділікті анықтауға арналған BTL-089 электрокардиографиялық жиынтығындағы қан қысымын бақылау модульдері бар велосипедэргометр. 

        Қордың алдағы жоспарына келетін болсақ, 2021 жылы алғаш рет кардиохирургиялық ота жасатқан және жүрек-қан тамырлары жүйесінің патологиясы бар балаларды оңалту шаралары жүргізіледі.

        Сонымен бірге биыл құлақ, мұрын, тамақ аурулары мен көз аурулары саласындағы хирургиялық инновацияларға арналған тәлімгерлік бағдарламасының саласы кеңейтіледі.


        Қайырымдылық қоры пандемияға қарамастан, балаларға көмек көрсетуді жалғастыра беретін болады!


                                                                  


        Сайтта жарияланатын материалдарға барлық құқықтар BI Group компаниясына тиесілі © 1995-2025
        Пайдаланушыға сайтта орналастырылған кез келген материал BI Group компаниясының (құқық иесі) зияткерлік меншік нысаны болып табылатыны туралы ескертілді. Пайдаланушы құқық иесінің алдын ала жазбаша рұқсатынсыз зияткерлік меншік нысандарымен қандай да бір әрекетті жүзеге асыруға құқылы болмайды, олай болмаған жағдайда, құқық иесі ҚР заңнамасында қарастырылған айыппұлдарды өндіріп алу, сондай-ақ өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құзырлы органдарға жүгіну құқығын өзіне қалдырады.
        Осы сайтта ұсынылған кез келген ақпарат тек ақпараттық сипатқа ие және ешбір жағдайда жария оферта болып табылмайды.