Елордада 2000-нан астам жаңа ағаш отырғызылады

Нұр-Сұлтанда
BI GREEN елді көгалдандыру бойынша ауқымды жобасы сенбіде жалғасын тапты.
BI Group инновациялық құрылыс
холдингінің қызметкерлері елорданы көгалдандыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Холдинг қалаға 2170 ағаш сыйға тартты.
Көгалдандыру Триатлон
саябағында жүргізіледі. 3,5 гектар аумаққа бір ай ішінде қарағай, шетен, терек
және қайың ағаштары отырғызылады. Ақкөл орманынан әкелінген барлық көшеттің
сапасы жоғары әрі солтүстік аймақтың климатына жақсы бейімделген.
Қанат
Нұрғожин, BI Astana Roads дивизионының директоры:
«Қаланы
көгалдандыру экологиялық жағдайды жақсартуда маңызды рөл атқарады. Ағаштар
климатқа әсер етеді, шуды азайтады және шаңды өзіне сіңіреді. Біздің компания
көктем-күз айларында республика қалаларында корпоративтік-әлеуметтік
жауапкершілік аясында BI Green акциясын өткізеді. Жаңа жасыл аумақтар елорда
тұрғындары мен қонақтарының демалуы үшін жайлы аймаққа айналып келеді».
Акцияға холдинг
қызметкерлерінен басқа елордалық триатлеттер де қатысты. Келесі ауқымды көшет отырғызу
жұмысы 2022 жылдың көктеміне жоспарланып, ел экологиясының дамуына үлес қосқысы
келетін белсенді азаматтарды тартуға бағытталған.
Мәлік
Ақышев, «Спарта» триатлеттер қауымдастығының өкілі:
«Триатлеттер
мен Қауымдастық атынан BI Group компаниясына үлкен алғыс білдіреміз. Триатлон
саябағы – біздің екінші үйіміз. Біз мұнда спортпен шұғылданамыз, күн сайын
жүгіреміз, сондықтан ағаш отырғызу акциясын бірден қолдадық. Қаламызды
көгалдандыру – маңызды шара, бізге оған белсенді қатысудың сәті түсті».
BI Green жобасы
өткен жылы холдингтің 25 жылдық мерейтойына орай басталып, жыл сайын жасалатын
дәстүрлі шараға айналғанын естеріңізге сала кетейік. Осы күзде ағаш отырғызу Шымкент
қаласында алғаш рет өтті. Ал өткен жылы компания қызметкерлері тұрғындармен
бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы 219 мың шаршы метр алаңда көгалдандыру жұмыстарын
жүргізді.
Қазіргі акция өткізілген
Триатлон саябағын BI Group компаниясы 5 жыл бұрын салған болатын. Бұл 45 гектар
аумақты алып жатқан ашық аспан астындағы бірегей спорт кешені - компанияның
елорданың 18 жылдығына орай арнаған сыйлығы.
Содан бері саябақ белсенді өмір салтын ұстанушылар үшін сүйікті орынға
айналды. Мұнда триатлон, марафон және басқа да маңызды іс-шаралар өткізіледі.
Жыл сайын компания өз қаражаты есебінен саябақты көгалдандырып, оның
инфрақұрылымын жақсартуға күш салады.