«Брат или брак» жобасы сценариінің со-авторы қызмет жолын BI Group-та жалғастыруда

        15 қараша 2017

        Қызметкердің біліктілігі оның жан-жақтылығынан көрініс табады. Сапаны басқару бөлімінде қызмет атқарып жүрген Әділбек дәл сондай тұлға. Ол негізгі қызметінен бөлек танымал жобаларға сценарий жазумен айналысады. Жақында кинопрокатқа енген қазақстандық танымал «Брат или брак» фильмінің со-авторы болып табылады. Бүгін біз оның өмірі мен шығармашылығы туралы әңгіме өрбітеміз.

          ​ Әділбек, қайда және қандай білім алғаныңызды айтып берсеңіз?

        Білімім жоғары. Ақтау қаласында экономикалық лицейден кейін, Алматыда Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірдім. Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиясы профилі бойынша оқыдым. Жоғарғы оқу орнын 2013 жылы тәмәмдадым.

        Демек, маңғыстаулықсыз ба?

        Иә.

        Ал BI Group компаниясына қашан келдіңіз? Компанияға келгенге дейін қызмет жолыңыз қалай өрбіді?

        Компанияға осы жылы 18-қазанда келдім. Оқуды аяқтаған соң Ақтау қаласында жобалық институтта мұнай саласында жұмыс жасаған болатынмын. Кейін Астанаға келіп, 2 жыл мемлекеттік салада, тұрғын-үй шаруашылық құрылысы комитетінде бас сарапшы қызметін атқардым.  Кейін бұл комитет инвестиция және даму министрлігінің құзырына қарады. Мемлекеттік қызметте жүріп, көп тәжірибе жинадым, тілімді, жазу қабілетімді дамыттым. Ары қарай кәсіби өсу үшін осы компанияға келдім. Тек қазір құрылыс саласында емес, сапаны басқару жүйесінде жұмыс істеймін.

        Ал енді сіздің шығармашылық жолыңызға көшсек. Сценарий жазуға қалай келдіңіз?

        7-сыныптан бері КВН ойынына қатыстым. Мектеп құрамасында ойнап жүріп, 2005 жылы Маңғыстау облысы бойынша чемпион атанғанбыз. Кейін университет қабырғасында оқып жүріп те КВН-нен алыстамадым. Қырғызстанда, Сочиде жарыстарға қатыстық. Сол кезде де сахнаға шығып өнер көрсеткеннен, әзіл жазумен айналысқан көбірек ұнайтын. Кейін Түркістан құрамасы үшін де автор болдым. 2012 жылы бұл құрама Жоғарғы лигада чемпион болды. Команданың капитаны Мырзабек Еркебұлан қазір «Спарта» командасында ойнап жүр. Жалпы, сценарий жазуым осылай басталған. Одан кейін де әртүрлі танымал жобаларға шақырту алып жүрдім. «Наша KZаша», «Сәлем, Қазақстан», «Күлдір-бүлдір» сияқты жобаларға әзілдер жаздым. Содан кейін кино саласына келдім. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Алишер және Арыстан деген авторлармен бірігіп «Брат или Брак» жобасының сценариін жазып шықтық. Қазір бұл фильм қазақстандық кино нарығында танымалдылыққа ие. Режиссері – Ернар Нұрғалиев, бас продюсері – фильмде басты рөлді сомдаған танымал актриса Құралай Анарбекова.

        Идеялар қалай туындайды? Шабытты қайдан аласыз?

        КВН ойыншылары үнемі креативті ойлайды ғой. Мен үнемі ой үстінде жүремін. Әр болған оқиғаны әзілге айналдыруға тырысамын. Кенеттен бір идея келсе, міндетті түрде қойын дәптеріме түртіп аламын. Кейін соны сценарий жазу барысында қолданамын.

         Кинематография саласына толықтай бет бұрмауыңыздың себебі неде?

        Бұл тек хоббиім ғана. Маусымдық жұмыс болғандықтан, тек сценарий жазумен біздің елімізде күн көру өте қиын. Мысалы, көршілес Ресей мемлекетінде бұл сала жақсы дамыған.

        Бұдан бөлек тағы немен шұғылданғанды ұнатасыз?

        Қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға мәтіндер аударамын. Арнайы программада мозаикамен айналысқанды ұнатамын, достарыма жиі жасап беремін.

        Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

        ​ 2018 жылдың желтоқсан айында BI Road Construction компаниясын сапа, қауіпсіздік және экология бойынша халықаралық стандарттауға қол жеткізбекпіз. Стратегиялық мақсатымыз - осы.  Ал жеке шығармашылыққа келсек, қандай да бір қызықты жобалар болса,  қашанда әзірмін. Себебі, бұл менің сүйікті ісім. ​


        Сайтта жарияланатын материалдарға барлық құқықтар BI Group компаниясына тиесілі © 1995-2025
        Пайдаланушыға сайтта орналастырылған кез келген материал BI Group компаниясының (құқық иесі) зияткерлік меншік нысаны болып табылатыны туралы ескертілді. Пайдаланушы құқық иесінің алдын ала жазбаша рұқсатынсыз зияткерлік меншік нысандарымен қандай да бір әрекетті жүзеге асыруға құқылы болмайды, олай болмаған жағдайда, құқық иесі ҚР заңнамасында қарастырылған айыппұлдарды өндіріп алу, сондай-ақ өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құзырлы органдарға жүгіну құқығын өзіне қалдырады.
        Осы сайтта ұсынылған кез келген ақпарат тек ақпараттық сипатқа ие және ешбір жағдайда жария оферта болып табылмайды.