Түркістанда Hilton қонақүйлер желісінің Hampton by Hilton Turkistan қонақүйі ашылды

Қойнауы тарихқа тұнған киелі қалада Оңтүстік
Қазақстандағы Hilton қонақүйінің алғашқы желісі Hampton by Hilton Turkistan
қонақүйінің ресми ашылуы өтті. Әлемдегі ең ірі қонақүй корпорацияларының бірін BI
Group құрылыс холдингі салды. Өткен жылы компания Hilton Worldwide
корпорациясымен бірге Орталық Азияда Hampton by Hilton 10 қонақүйінің құрылысы
туралы бас келісімге қол қойған.
Халықаралық
деңгейдегі қонақүйдің ашылуы облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман
Жетпісбайдың, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың, BI Group Директорлар
кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаев пен Hampton by Hilton бас менеджері Анар
Байболованың қатысуымен өтті.
«Жаңа қонақүйдің
құрылысы аймақтағы туризмді дамытудың басты мәселелерінің бірі – қызмет көрсету
саласын жақсартуға ықпал етеді. Сондықтан бұл жобаны жүзеге асырудың маңызы зор»,
- деп атап өтті Арман Жетпісбай өзінің құттықтау сөзінде.
- BI Group компаниясына қаламыздағы
туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл жоба Түркістан
қонақтары үшін халықаралық деңгейдегі қызметті қолжетімді бағада пайдалануға
мүмкіндік береді. Қонақүй өткен заман мен қазіргі дәстүрлерді сәтті үйлестіре
отырып, қаланың стилін толықтыра түседі.
Қонақүй
Түркістанның мәдени-рухани орталығында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне
енгізілген тарихи және мәдени ескерткіші болып табылатын Қожа Ахмет Яссауи
кесенесіне өте жақын орналасқан. Сонымен қатар оның қасында Ұлы Дала орталығы мен
Visit Centre Turkistan орналасқан. Қаланың халықаралық әуежайына қатынаудың ыңғайлы
болуы қонақүйдің орналасқан жерінің үлкен бір артықшылығы болып табылады.
Қонақүйден әуежайға дейін бар болғаны 15 шақырым ғана.
«Hampton by Hilton Turkistan қонақүйінің сыртқы беті 14-ғасырдың ғимараттарын еске
түсіретін Марокко стиліндегі ескі қам кірпіштен соғылған ғимарат түрінде салынған.
Жоба Hilton
қонақүйлер желісін салудың халықаралық стандарттарына сәйкес жүзеге асырылған»,-
дейді BI Group холдингінің басшысы Айдын Рақымбаев:
- Hampton by Hilton брендіндегі қонақүйлер жоғары сапалы
қызмет көрсетуімен, жайлы бөлмелерімен және туризм нарығындағы беделінің асқақ
болуымен ерекшеленеді. Брендтің танымал болуы шетелдік қонақтарды өзіне тартады.
Hampton by Hilton Turkistan қонақүйі өңірлерде Hilton Worldwide корпорациясымен
бірге бірлескен жобаларды іске асырудағы алғашқы маңызды қадам болып табылады. Клиенттердің
ауқымды бөлігі үшін қонақүй желісінің халықаралық деңгейде қызмет көрсететініне
сенімдімін.
Қонақүй құрылысы 2019 жылдың қараша айында басталған. Hampton
by Hilton Turkistan қонақүйінің жалпы алаңы Top Tobe жеке банкет кешенін қосқанда,
шамамен 9000 шаршы метрді құрайды. Turkestan Grand Hall банкет кешені 360
адамға арналған залдан, екі VIP-бөлмеден, жазғы терраса мен коммерциялық мақсаттағы
үй-жайлардан тұрады.
Қонақүйде стандарт санаттағы құны 19000 теңгеден
басталатын, бір және екі кісілік 120 нөмір бар. Сондай-ақ мұнда мүмкіндігі
шектеулі адамдарға арналған, арнайы жиһаздармен және санитарлық-техникалық
құралдармен жабдықталған бөлмелер де қарастырылған. Қонақүй қызметіне тегін
ыстық таңғы ас, толық жабдықталған спортзал, қонақүйдің барлық аумағына
тарайтын Wi-Fi және мәжіліс залы кіреді.
«Енді Hampton by Hilton Turkistan қонақүйінің
әрбір қонағы Real Traveller тұжырымдамасына сәйкес жайлы нөмірде тұру үшін артық
шығын жұмсамай-ақ саяхаттай алатын болады. Қонақүй тарихи қалада жасалатын есте
қаларлық саяхаттың бір бөлігіне айналады», - деп атап өтті өз сөзінде Түркістан
қонақүйінің бас менеджері Анар Байболова.
- Әрбір адам Hampton by Hilton Turkistan
қонақүйіне тоқтағаннан кейін Hamptonality деп аталатын достық қызметтің ерекше
атмосферасына ене алады. Бұл термин Hampton желісіндегі әрбір қонақүйдің
келушілердің сенімінен шығуға деген талпынысын көрсетеді, мысалы, саяхатшыларға
Түркістандағы қызықты жерлер, маңызды тарихи орындар мен алда болатын
іс-шаралар туралы пайдалы ақпарат береді.
Анар Байболованың айтуынша, Hampton by Hilton қонақүйлері
жайлы, әдемі бөлмелерімен, жанға жайлы ахуалымен, ерекше ықыласпен қызмет
көрсету мәдениетімен және қонақтардың риза болып кететініне кепілдік беретін
қызметкерлерімен ерекшеленеді.
Жоба "Еуразиялық Банк" АҚ және "Даму
"кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ қолдауымен "Қарапайым заттар
экономикасы" бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды.
Hilton – құрамына әртүрлі санаттағы 17 қонақүй
бренді кіретін дүние жүзіне әйгілі қонақүйлер желісі. Әлем бойынша бұл желіге
6000-ға жуық қонақүй кіреді.
Hampton by Hilton Turkistan – BI Group пен Hilton
Worldwide арасындағы екінші бірлескен жоба. Холдинг Нұр-Сұлтан қаласында 2017
жылы Hilton Astana қонақүйін салды. Келер
жылы компания Hampton қонақүйінің құрылысын Ташкент қаласында жүргізуді жоспарлап
отыр.