Қазақстандық құрылыс салушы Өзбекстанда $500 млн-дық инвестициялық жобаны жүзеге асыруда

Өзбекстан Республикасына тікелей шетелдік
инвестицияларды жүзеге асыру шарттары туралы келісімге BI Group құрылыс
холдингі, ҚР сауда және интеграция министрлігі мен
Ташкент қаласының хокимі арасында ел Президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға
мемлекеттік сапары шеңберіндегі іскерлік кеңесте қол
қойылды.
BI Group Ташкентте
жаңа аудан құру жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында тұрғын үй, әлеуметтік және
коммерциялық инфрақұрылым объектілерін салу жөніндегі жалпы сомасы $500 млн-дық
инвестициялық жобаны іске асыруда. Жұмыстарды бастау 2022 жылдың 1-ші тоқсанына
белгіленген. Бес жыл ішінде жоспарды
кезең-кезеңімен орындау Өзбекстанда 20 мыңға дейін жұмыс орнын ашады.
Джахонгир
Артыкходжаев, Ташкент қаласының хокимі:
«Жалпы
Ташкенттегі жаңа жобаның құны $1,2 млрд құрайды. Оның ішінде BI Group 420 га
аумақта әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін, оның ішінде мектептер,
балабақшалар және басқа да нысандарды іске асырады. Біз қазақстандық компанияға
еліміздің экономикасына қосқан елеулі үлесі үшін ризамыз. Нұр-Сұлтан
қаласындағы BI Group-тың тұрғын үй және әлеуметтік жобаларымен таныстық.
Холдингтің қызмет ауқымы, сондай-ақ құрылыс кезінде енгізетін инновациялық
технологиялары бізді таңдандырды. Егер мұндай нысандар Ташкентте пайда болса, онда
біздің қаламыз туристер үшін өмір сүруге ыңғайлы және тартымды болары сөзсіз».
Айдын
Рахимбаев, BI Group холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы:
«Біздің
компания NRG консорциумы арқылы екінші жыл бауырлас Өзбекстанда жобаларды
жүзеге асырып келеді. Қазіргі уақытта біз екі тұрғын үй кешенінің құрылысын
аяқтап жатырмыз және көрші елдің нарығының болашағын, оның инвестициялық тартымдылығын
көріп отырмыз. Бизнес жағынан бұл жер бізге ыңғайлы, сондықтан біз
инвестициялар көлемін ұлғайтуды шештік және бүгін $500 млн-дық келісімге қол
қойдық. Біз үшін мұндай ынтымақтастықтың тікелей қатысушысы болу маңызды.
Сонымен қатар, компанияның осы бағытта табысты тәжірибесі бар. Жетекші өзбек
девелопері Murad Buildings-пен серіктестігіміз – оның айқын дәлелі. Біз
жергілікті билікпен жұмыс істегенді ұнатамыз. Қала әкімі Джахонгир Артыкходжаев
бастаған Ташкенттің хокимиятына ерекше алғыс айтамын. Болашақта біз осы елде
тағы бірнеше ірі инвестициялық және технологиялық жобаларды іске асыруға ниеттіміз.
Қазақстанда біз жасаған smart home, connected home, smart remont және басқа да
инновациялық жобалар көрші мемлекеттің нысандарында енгізілетін болады».
Айта кетейік, BI Group пен өзбекстандық девелопер Murad
Buildings 2020 жылы NRG консорциумын құрды. Ташкенттегі бірлескен кәсіпорынның
алғашқы жобасы жалпы ауданы 66 мың ш.м. болатын NRG Oybek ТҮК құрылысы болды.
Оған $33 млн инвестиция салынды. Murad Buildings-пен әріптестік орната отырып,
Өзбекстандағы қазақстандық компания бірнеше бағытта дамуда. Олардың ішінде тұрғын
үй, коммерциялық және инфрақұрылымдық құрылыс пен объектілерді басқару да бар. Жыл
соңына дейін NRG Oybek және Mirzo-Ulugbek тұрғын үй кешендерін тапсыру
жоспарлануда. Онда елдегі алғашқы Smart Home және Smart Remont цифрлық
шешімдері енгізілетін болады. Алдағы уақытта тағы бірнеше жаңа жобаны іске қосу
көзделіп отыр.
BI Group алдындағы өршіл мақсат – Ташкенттегі тұрғын үй
құрылысы нарығында жетекші орын алу.