BI University СКОЛКОВО бизнес-мектебінің серіктесі болды
ТМД және Шығыс Еуропадағы ірі бизнес-мектептің жаттықтырушылары Астанада BI University негізінде тренингтер өткізетін болады. Беделді оқу орталығының бағдарламасы BI Group қызметкерлерінің әлеуетін арттыратынына холдинг басшысы Айдын Рахимбаевтың сенімі жоғары. Оса орайда бүгін ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Меморандум аясында тараптар СКОЛКОВО бизнес-мектебінің профессорлық-оқытушылық құрамының қатысуымен ақпараттық-консультациялық және білім беру қызметтерін көрсету үшін, BI Group қызметкерлері мен бизнес серіктестерін оқыту үшін әріптестік қатынастарды дамытады.
«СКОЛКОВО бизнес-мектебімен біздің университеттің ынтымақтастық туралы құжатқа қол қою біз үшін үлкен оқиға. Бізге шақыртумен бүгін мектеп президенті Андрей Шаронов келді. Ол біздің қызметкерлерге "Я 2.0. Лучшая версия себя" атты тренингін, сондай-ақ компаниялардағы стратегиялық жоспарлау туралы семинарын өткізеді», - деді Айдын Рахимбаев.
«Қазақстанда біздің клиенттеріміз бен байланыстарымыз көп. Біз Қазақстандағы ең үлкен және табысты девелоперлік компаниямен ынтымақтастығымызды жаңа деңгейде жалғастыратынымызға қуаныштымыз. Осындай қызықты клиенттермен жұмыс жасау біз үшін маңызды», - деп атап өтті Андрей Шаронов.
Айдын Рахимбаев келешекте BI University-дің СКОЛКОВО деңгейіне жететініне әлеуеті бар екенін айтып өтті, сондықтан да оның білім беру бағдарламалары компания қызметкерлеріне ғана емес, корпоративтік басқаруда табысқа жетем деушілердің барлығына арналған.