BI Group-тың еншілес компаниясы облигациялар бойынша алғашқы төлемдерін жасады

Бағалы
қағаздар AIX биржасында орналастырылды
Сәуірдің 5 күні BI Group холдингіне кіретін қазақстандық «Мегастрой ЛТД» құрылыс компаниясы өз облигацияларының
бірінші шығарылымы бойынша инвесторларға төлем жасады. Астана халықаралық биржасында 12 айлық өтеу мерзімімен
жалпы сомасы 6,1 млрд теңгенің бағалы қағаздары 2021 жылдың наурыз айында шығарылған.
Осы кезеңде акцияларды сатып алушылар жылдық 18% купондық сыйақымен төлемдер алды.
«Негізгі қарызды өтеу және сыйақы белгіленген мерзімге сәйкес жүргізілді.
Облигацияларға инвестиция салғандар бізбен бірге әділ, нарықтық сыйақы алды», -
деді BI Group холдингі басқарма төрағасының қаржы жөніндегі орынбасары Алмас
Лепесбаев 20 сәуірде өткен вебинарда.
Нарық үшін былтырғы орналастырудың маңыздылығы инвесторлар тарапынан
қызығушылықты растайды: облигацияларға сұраныс ұсыныстан бір жарым есе асып түскен.
Шығарылған облигацияларға елеулі сұраныс BI Group брендінің беделімен, елдегі
қалыптасқан бизнесіне деген сенімнің жоғары деңгейімен және бәсекеге қабілетті
табыстылығымен негізделген. Жылдық 18%-дық сыйақы – банк салымдары бойынша
орташа мөлшерлемеден айтарлықтай асып түсті. Салыстырсақ, Қазақстанның
депозиттерге кепілдік беру қорының деректері бойынша 2021 жылғы наурызда
толықтырумен мерзімді депозиттер бойынша ең жоғары ұсынылатын мөлшерлемелер – 10,3%,
ал толықтырусыз – 10,7% деңгейінде болған.
Бұрынырақ Курсив басылымы жазғандай, одан кейін «Мегастрой ЛТД»
облигациялардың кезекті траншын шығарды. Облигациялардың екі орналастыруы
бойынша жеке тұлғалар қағаздардың 85%-ын сатып алса, қалған 15%-ы
институционалдық инвесторларға бұйырды. Бүгінгі таңда компания өз
облигацияларының үш траншын шығарды.
«Мегастрой ЛТД» бизнес ауқымын одан әрі арттыру мақсатында биржаға ақша
тартқан болатын. Бұл компания – бас мердігерлік шарттар бойынша «Времена года»,
«Vivat Promenade», «Ray Residence», «Grand Opera», «Atlant»,
«Акбулак Ривьера» және басқа да астаналық тұрғын үй кешендерін салумен айналысқан,
Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы нарығының белсенді және тәжірибелі ойыншысы.
«Өткен
екі жыл түрлі сынақтарға толы болды. Компания бизнесінің беріктігі тексерілді және цифрландыруды дамытуға, құрылыс сапасы мен
стандарттарын арттыруға, клиенттерге сервистік қызмет көрсетуге жұмсалған
инвестицияның өзін ақтағанын көрсетті. Біз құрылыстың өзіндік құнын
бақылау және оңтайландыру мүмкіндігі бойынша нарықта көшбасшы бола отырып,
құрылыс материалдары мен өзге де ресурстардың қымбаттауына төтеп бере алдық. Біз
кіріс пен қаржылық көрсеткіштер бойынша белгіленген параметрлерге қол жеткіздік
және дұрыс, прогрессивті дамуды жалғастырамыз», - дейді Алмас Лепесбаев.
Қазір BI Development құрамына «Мегастрой ЛТД» кіреді, 160 жоба мен олардың
кезектерінде жұмыс жүріп жатыр. 2020 жылы олардың саны – 80, ал өткен 2021 жылы
116 болған.
«Бұл ауқымды жұмыс, әрі үлкен жүктеме, бірақ біздің жоба командалары бұған
дайын», - деп атап өтті Алмас Лепесбаев.
Аталмыш дамуға капитал нарығында қаражат тарту да көмектесті, деп қосты BI
Group өкілі.