Алматыда екінші YPO жастар бизнес форумы өтті

Алматыда екінші YPO жастар бизнес форумы өтті
5 сәуірде Алматының Студенттер сарайында екінші YPO жастар бизнес форумы өтті.
YPO (Young Presidents Organization) – кәсіпкерлер мен компания иелерінің халықаралық жабық клубы, әлем бойынша клубтың 25 мың табысты бизнес өкілі бар. Ал Қазақстанда YPO құрамында 21 кәсіпкер бар, олардың бесеуі форумда спикер болды.
Жас кәсіпкерлердің тәлімгерлері ретінде BI Group директорлар кеңесінің төрағасы және акционері Айдын Раxимбаев, Globalink Logistics компаниясының CEO Сиддик Хан, Forbes Kazakhstan шығарушысы Арманжан Байтасов, Chocofamily Holding негізін қалаушылардың бірі және CEO Рамиль Мухоряпов пен Phaeton DC негізін қалаушы Марат Шотбаев табысқа жету құпияларымен, практикалық кейстерімен және елде бизнес жүргізу бойынша кеңестермен бөлісіп, тәжірибелерін ортаға салды.
Өткен жылдан бастап форум табысты бизнес өкілдерінің жас кәсіпкерлермен тәжірибе алмасуы үшін тиімді алаңға айналды. Спикерлер өз жетістіктерінің құпиясымен бөлісіп қана қоймай, бірқатар өзекті мәселелерді де қозғайды. Бірінші форумның тәжірибесі көрсеткендей, бизнес иелеріне ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлікпен айналысуды қолға алған ЖОО-ның студенттері мен түлектеріне табысты стартап жобалар жасау, медиа-бизнесті дамыту, бастапқы капиталды қалыптастыру, сондай-ақ жұмыс, отбасы және хобби арасындағы тепе-теңдікті қалай ұстап тұру жөнінде құнды кеңестер берілді.
Айдын Рахимбаев жас кәсіпкерлерді ынталандыру және оларды бизнестің жаға бағыттарына қызықтыру қазіргі қалыптасқан бизнестің басты міндеті деп санайды:
«YPO мен үшін ең алдымен – кез-келген тақырыпты, соның ішінде тиым салынған тақырыптарды да талқылауға болатын қарым-қатынас ортасы. Себебі біз көптеген ережелерге бағынамыз деп, өзімізді тежеп жатамыз, ал жанымызда осындай ашық та адал кәсіпкерлер тұрғанда біз әдетте айналып өтетін тақырыптарды әрқашан да талқылауға болады. Бизнесте қиындықтардың болғаны маңызды. Себебі дәл осы қиындықтар бізді жігерлендіріп, нағыз кәсіпкерлерге айналдырады»
Рамиль Мухоряпов, Chocofamily Holding негізін қалаушылардың бірі:
«Егер Қазақстандағы YPO клубы туралы айтар болсам, мен бұл адамдарды қатты құрметтеймін. YPO мүшелері бір-біріне барлық сұрақтарға байланысты көмек көрсетеді. Мен бүгінгі форумға қатысқан адамдар бір маңызды мәселені түсінеді деп үміттенемін: Forbes тізімінің көшін бастап тұрған адамдар, дәл өздері сияқты қарапайым жандар, тек олар бір кездері еш қорықпастан өздерінің бизнеске деген алғашқы қадамдарын жасай білген. Ешқайсысының бірден табысқа жеткен жоқ. Бүгінгі айтылған әңгімелердің барлығы да табысқа жету – ұзақ жылдарды талап ететіндігін баяндайды.Биік мақсаттар қойып, өршіл болуды, тек қазақстандық нарықпен шектеліп қалмауды және көп еңбектенуді тілеймін. Егер сен талантты болсаң оған 5 жыл уақытың кетер, егер сенің талантың жеткіліксіз болса 10 жыл уақытың кетер, бірақ егер сен жұмысқа өз уақытың мен назарыңды бөлер болсаң, міндетті түрде табысқа жетесің».
Ерлан Думанулы, Forbes Kazakhstan клубының мүшесі, жас кәсіпкер:
«Біз инновациялық стартаптарға биткоин арқылы инвестиция тартуға көмектесеміз. Мен спикерлердің айтқандарын тыңдап, олармен жеке танысып, серіктестік ұсыну үшін арнайы Астанадан келдім. Осындай іс-шараларды өткізіп алмауға тырысамын, бұл тұлғалық даму үшін өте маңызды. Ертең ондаған миллион доллар табысқа әкелетін таныстықтар дәл осындай орталарда туындайды. Барлығына осындай іс-шаралардың ортасында болып, бойын табыс энергиясымен толтыруға кеңес беремін. Бүгінгі күн жас миллионерлердің уақыты, Z буынының кезеңі, дамыған технологиялар дәуірі. Дәл осы кәсіпкерлік арқылы мемлекетті гүлдену мен дамуға әкелеміз».