Елордада COVID-19-бен ауырған науқастарды емдеуге арналған ерекше құрал шығарылып жатыр

Қасиетті Рамазан айының бірінші күні елордалық клиникалардың біріне BI Group холдингі коронавируспен ауырып жатқан науқастарды емдеуге арналған Бронхоскоп (Olympus), Hamilton өкпені жасанды желдету қондырғысы (Швейцария) және елордада жасап шығарылған және өндірілетін виброакустикалық қондырғы сияқты жабдықтар жиынтығын табыстады.
2020 жылы BI Group компаниясы травматология және ортопедия ғылыми зерттеу орталығының бір бөлімшесін COVID-19-бен ауыратын науқастар емделетіндей жөндеп, қайта бейіндеуден өткізді. Сол кезде әлеуметтік желілерде бұл әрекетке күмәнмен қарағандар көп болып еді. «Індет саябырси бастады, бұл не үшін керек?» деген пікірлер жазылған болатын. Бүгінгі күні астанамыз тағы да «қызыл аймаққа» енген кезде терапиялық және жансақтау бөлімшелері 100 пайызға толды.
- Біз компанияға жөндеу жүргізгені үшін және ең бастысы, газдандыру жұмыстары үшін алғыс айтамыз. Біздің науқастар қабылдау бөлімінен-ақ оттегіні алып жатыр. Бүгін алған жабдықтар пациенттердің жағдайын жақсартуға көмектеседі», - деді реанимация бөлімінің меңгерушісі Павел Останин жабдықтарды сыйға тарту рәсімінде.
Академик Н.Д. Батпенов атындағы ТОҰҒЗО-да жедел профилактикалық хирургиялық және жоспарлы ортопедиялық көмек көрсету жалғастырылып жатқанын да атап өткен жөн.
Нұр-Сұлтан қаласында шығарылатын виброакустикалық аппарат әртүрлі тыныс алу органдарының ауруларына көмектеседі, бірақ дәл осы COVID-19-ды емдеуде ол ең жоғары тиімділікті көрсетті. Осы себепті құрылғы Ресей, Өзбекстан, БАӘ, Сингапурға экспортталып жатыр. Құрылғыны Беларуссия мен Түркия да сатып алуды жоспарлады. Халықаралық CE сертификатын алғаннан кейін құрылғы Еуропаға экспортталады.
Құрылғының құны бір бөлмелі пәтердің бағасына шамалас, 13 миллион теңгеден асады. Алайда орталық дәрігерлері құрылғы жеткізуге өтініш білдірген бойда, компания шұғыл көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Қалай болғанда да, адам өмірін аман алып қалу керек. COVID-19 кезінде әрбір сағат қымбат.