BI Group мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Тіл жанашыры» сыйлығын иеленді

21 мамырда Астана қаласындағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ тілі бойынша «Ана тілі» республикалық интеллектуалдық олимпиада жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Білім-Инновация» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асырған жоба аясында BI Group мемлекеттік тілді дамытуға қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасын қолдағаны үшін Абай Құнанбаев атындағы құрметті «Тіл жанашыры» марапатына ие болды.
Өткен жылы құрылыс холдингі мемлекет басшысының бастамасына қолдау білдіріп, Qazaq Tili Endowment Qory қорына 100 миллион теңге аударды. Бұл қор мемлекеттік тілді жүйелі түрде қолдау және дамыту мақсатында құрылған. Бұдан бөлек, холдинг мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған стартаптарға 50 миллион теңге бөлу туралы шешім қабылдады.
«Ұлттық бірегейлікті қалыптастыру және нығайту бойынша қоғамдық процестерді қолдайтын қазақстандық компания ретінде біз үшін қазақ тілін дамыту – тек әлеуметтік жауапкершілік қана емес, сонымен қатар мәдени бірегейлікті нығайтып, оны болашақ ұрпаққа жеткізуге деген шынайы ұмтылыс», – деп атап өтті BI Service басқармасының директоры Қайрат Шаяхметов, компания атынан салтанатты шарада марапатты қабылдай отырып.
«Тіл жанашыры» марапаты – бұл мемлекеттік деңгейде компанияны үлесінің мойындалғанының белгісі. Ол BI Group компаниясын осы бағыттағы жұмысын жалғастырып, қоғамның рухани және мәдени негіздерін нығайтатын маңызды бастамаларды әрі қарай қолдауға шабыттандырады.