BI Group Жезқазғанда жаңа онкологиялық корпус салады
Жезқазғанда облыстық көпбейінді аурухананың жаңа онкологиялық корпусының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Жобаны BI Group компаниясы EPC келісімшарты аясында жүзеге асырады. Бұл жобалау, сатып алу және құрылыс жұмыстарын кешенді түрде орындауға мүмкіндік беретін келісімшарт.
Жалпы ауданы шамамен 22 мың м² болатын жаңа корпус қолданыстағы аурухананың аумағында салынады. Мұнда 100 орындық стационар, онкологиялық науқастарға арналған 60 орын, бір ауысымда 250 адамды қабылдай алатын консультациялық-диагностикалық орталық болады.
Ғимаратта ісіктер хирургиясы, химиотерапия, сәулелік терапия, гинекология және паллиативтік көмек бөлімшелері болады. Медициналық жабдықтардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі - онкологиялық ауруларды жоғары дәлдікпен сәулелердің көмегімен емдеуге арналған заманауи құрылғы - сызықтық үдеткіш. Сонымен қатар жобада мамандандырылған кабинеттер, заманауи палаталар және ғимарат ішінде бағыт табуды жеңілдететін ыңғайлы навигация жүйесі қарастырылған.
«Бұл - Жезқазған қаласы мен бүкіл Ұлытау облысы үшін маңызды жоба. Медициналық нысандарды салу ерекше дәлдік пен инженерлік шешімдерге мұқият қарауды талап етеді. Өйткені жасалған инфрақұрылымның сапасы дәрігерлердің жұмыс жағдайына және пациенттердің жайлылығына тікелей әсер етеді. Біздің команда жобаны жоғары кәсіби деңгейде жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салады», - деді BI Group жобасының жетекшісі Балғын Ибраимов.
Жоба аясында қолданыстағы консультациялық-диагностикалық орталықты көшіру және аурухананың негізгі ғимаратындағы стационарлық төсек-орындарды қайта бөлу де жоспарланған.
Жаңа корпустың құрылысы 2026 жылы басталады. Құрылыс-монтаж жұмыстары 22 айға созылады.



