BI Group Алматыда ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға арнап жаңа кешен салмақ

Алматының Медеу ауданында орналасқан ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға арналған «Жанұя» кешенін құлатып, орнына инфрақұрылымы жақсартылған заманауи кешен салынбақ.
1967 жылы салынған ескі ғимарат қауіпсіздік талаптарына және қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес емес. Жоба жаңадан әзірленіп, ғимараттың аумағы айтарлықтай кеңейтіліп, балаларға қолайлы жағдайлар жасалып, заманауи технологиялар енгізіледі.
«BI Group құрылыс компаниясы бұл күрделі жобаны толықтай өз есебінен жүзеге асыратын болғандықтан, қазіргі жұмыс істеп тұрған кешеннің аумағында жаңа ғимарат салынатын болады. Кешеннің аумағы бұрынғыша қалады ‒ 2,7 гектар жер, барлық экологиялық орта сақталады. Барлық нысандар қоғамдық бақылауда болады, сондықтан бұл жерде тұрғын үй кешендері немесе коммерциялық ғимараттар салынбайды», ‒ деп атап өтті «Жанұя» қоғамдық Қорының қамқорлық Кеңесінің төрағасы Рафаэль Гасанов.
Жаңа кешенде сабақтар өтетін блок, практикалық оқытуға арналған шеберханалар - аяқ киім, тігін және ағаш өңдеу; асхана және жайлы жатақхана кешені болады. Жапониялық заманауи әдістемеге сай, спорт залы мен акт залы біріктірілетін болады.
«Бұрын бір бөлмеде 6-8 бала тұратын. Қазір, стандарттарға сәйкес, бөлмелер төрт адамға арналған. Әрқайсысының жеке шкафы мен жеке кеңістігі болады. Балалардың қалауы сондай», ‒ деді BI Group жобасының жетекшісі Диас Тұңғышбеков.
Оның айтуынша, тұрмыстық жағдайлардың жақсартылуынан бөлек, «Жанұя» кешені жаңа спорт алаңдарымен, демалыс аймақтарымен және балаларға бау-бақша өсірумен айналысуға мүмкіндік беретін жылыжаймен жабдықталады. Аумақты абаттандыру аясында жаңа аллея отырғызылатын болады, алайда ескі отырғызылған ағаштар да сақталады – ағаштарға кесірін тигізбеу үшін құрылысшылар әр ағаштың діңін мұқият қоршады.