BI Group Оралда даму және шығармашылық орталығының құрылысын бастады
Орал қаласының Зачаганск ауданында балаларға арналған заманауи даму және шығармашылық орталығының құрылысы басталды. Күніне 600 адам сыятын жаңа орталықта балалар техникалық, ғылыми және шығармашылық бағыттар бойынша қосымша білім ала алады. Құрылысты BI Group компаниясы жүргізеді.
Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 3 100 шаршы метр, жер телімінің аумағы 2,18 гектар. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың екінші жартысында аяқтау жоспарланған.
Жаңа орталықта балалардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін дамытуға, заманауи технологиялармен танысып, қабілеттер меңгеруіне барлық жағдай жасалады. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі - дәстүрлі қосымша білім беру бағыттарын инженерия және цифрлық технологиялармен ұштастыру.
Ғимаратта робототехника және STEM зертханалары, техникалық шығармашылық шеберханалары, 3D басып шығару сыныбы, авиация және кеме модельдеу кабинеті, виртуалды және веб-дизайн студиясы болады. Мұнда балалар теориялық білім алып қана қоймай, оны іс жүзінде қолданып, өз жобаларын жасап шығара алады.
Шығармашылықпен айналысу үшін бейнелеу өнері және музыка студиялары, теле- және фотостудия, дыбыс жазу студиясы, медиаорталық пен хореография залы қарастырылған. Сонымен қатар орталықта экологиялық орталық, акт залы, ерте даму орталығы, сенсорлық бөлме және IT-кітапханасы бар коворкинг ашылады.
«Атқарған жұмысымыздың нәтижесі қалаға бүгін ғана емес, алдағы ұзақ жылдар бойы пайда әкелгені маңызды. Жаңа орталық Оралдағы балаларға қабілеттерін дамытуға, заманауи технологияларды меңгеруге және мамандық таңдауға көмектеседі. Мұндай нысандардың сапасына үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Сондықтан қала тұрғындарының бірнеше ұрпағына қызмет ететін, олардың қажеттіліктеріне сай келетін ғимарат салуға ұмтыламыз», - деді BI Group компаниясының Батыс дивизионының басшысы Руслан Мергалимов.
Орталықтың жобасында кең кабинеттер, үлкен терезелер, арнайы жабдықталған шеберханалар, сондай-ақ балалардың араласуына, бірге жұмыс істеуіне және демалуына арналған кеңістіктер қарастырылған. Ғимараттың ішкі құрылымы жеке шығармашылық жұмыстан бастап топтық білім беру жобаларына дейін әртүрлі форматта сабақ өткізуге ыңғайлы етіп жобаланған.
Даму және шығармашылық орталығының құрылысы BI Group компаниясының Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қосқан тағы бір үлесі болмақ. Жоба аяқталғаннан кейін Зачаганск ауданындағы балалар үйіне жақын жерде қосымша білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, заманауи мамандықтармен танысуға мүмкіндік алады.