BI Group жаңадан салынған тұрғын үйлерге беретін кепілдік мерзімін бес жылға дейін ұлғайтпақ

BI Group девелоперлік компаниясының негізін қалаушы және CEO Айдын Рахимбаев жеке парақшасында 2025 жылдан бастап BI Group салып жатқан барлық тұрғын үйлерге кепілдік мерзімі бес жылға дейін ұзартылатыны туралы хабарлады. Заң бойынша тек екі жылдық кепілдік қарастырылған Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығы үшін бұл тұрғын үй құрылысы саласын айтарлықтай өзгерте алатын қадам болатыны сөзсіз.
BI Group басшылығының айтуынша, бұндай шешім қабылдап, кепілдік мерзімін ұзартуға бірнеше себеп болған. Біріншіден, компания құрылыс процестерін технологиялық тұрғыда жаңғыртуға инвестиция құйды: сапаны қатаң бақылау, жаңа материалдар мен күшейтілген дыбыс оқшаулау сияқты стандарттар енгізілді. Екіншіден, қандай да бір ақауларды жедел анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық мониторинг жүйесі іске қосылды. Топ-менеджменттің айтуынша, бұл шаралар үйдің сапалылығына деген сенімділікті арттырып, олардың ұзақ мерзімділігін ресми түрде кепілдендіруге мүмкіндік береді.
Одан бөлек, компания жаппай цифрлық сервистерді енгізуді жоспарлап отыр:
- Жаңа тұрғындарға арналған маркетплейс – ішкі әрлеуден бастап жиһазға дейін тауарлар мен қызметтерді ұсынады;
- Жасанды интеллекті бар бейнебақылау жүйесі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылады;
- «Цифрлық брокер» – онлайн форматта бірнеше банкке бірден ипотекаға өтінім беруге мүмкіндік беретін бағдарлама.
Сарапшылар бұл қадамды автомобиль саласындағы тәжірибемен салыстырады. Азиялық өндірушілер жоғары сапа мен кеңейтілген кепілдіктердің арқасында еуропалық және америкалық нарықтарды біртіндеп жаулап алды. Бұрын тәуекелі жоғары қадам деп саналған кепілдік стандарттарын арттыру, сайып келгенде, компаниялардың беделін нығайту мен тұтынушылардың сенімін арттырудағы маңызды факторға айналды. Автомобиль саласындағы бұл өзгеріс барлық нарық өкілдерін өндіріс стандарттарын жақсартуға итермелеп, тұтынушыларға сенімді әрі сапалы өнімдердің иегері атануға мүмкіндік береді. Құрылыс саласында да осы іспеттес нәтиже күтілуде.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы мамандар бес жылдық кепілдік мерзімі басқа құрылысшыларды да өз стандарттарын қайта қарастырып, жақсартуға итермелеуі мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен, барлық компаниялар бұндай шығындарды көтеруге дайын болмауы ықтимал: кепілдік берілген жағдайларының қатерлерін азайту үшін материалдарға, сапаны бақылауға және кепілдік мерзімі ішінде қызмет көрсетуге инвестиция құю қажет болады.