BI-Industrial Петропавлда Bakerton зауытының құрылысын аяқтады
BI-Industrial Петропавл қаласында ұзақ сақталатын донаттар мен нан-тоқаш өнімдерін шығаратын жаңа Bakerton зауытының құрылысын аяқтады. Аумағы шамамен 17 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорын Qyzyljar арнайы экономикалық аймағында орналасқан.
Жаңа өндіріс орны жылына шамамен 13 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Зауытта 380-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
BI-Industrial командасы негізгі өндіріс корпусын салып, ішкі және сыртқы инженерлік жүйелерді тартты, қажетті желілерге қосты, инфрақұрылым жасап, аумақты абаттандырды. Сондай-ақ жүйелерді іске қосып, және реттеу жұмыстарын жүргізді.
Құрылыс ауқымын бірнеше көрсеткіштен көрінеді. Шамамен 4,3 мың текше метр бетон жұмыстары жүргізіліп, 1 950 тоннаға жуық металл конструкция құрастырылды. Құрылыс қарқыны артқан кезде алаңда бір мезетте 218 маман еңбек етті.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі - тамақ өндірісіне арналған үй-жайларға қойылатын жоғары талаптар. Мұнда жай ғана жылы әрі саңылаусыз ғимарат салу жеткіліксіз еді. Қажетті санитарлық талаптарды сақтауға құрылыс шешімдерінің өзі ықпал ететін, жағдайы қатаң бақыланатын өндірістік орта қалыптастыру қажет болды.
Мысалы, өндірістік үй-жайлардағы сэндвич-панельдер шаң жиналуы мүмкін көлденең жіктер мен беттердің санын азайту үшін тігінен орнатылды. Ал қабырға мен еден түйіскен жерлерде әдеттегі бұрыштардың орнына жұмырланған өтпелер жасалды. Бұл жүйе үй-жайларды санитарлық тазалауды жеңілдетеді.
Команда іште саңылау болмауына да ерекше мән берді. Технологиялық үдеріс үшін қажетті температураны тұрақты ұстап тұру мақсатында жіктер, түйісу орындары мен төбе панельдерін қосымша герметизациялады. Сондай-ақ өндірістік үй-жайларда ашық металл конструкциялар, шығыңқы элементтер және тазалауы қиын аймақтар барынша азайтылды.
«Тамақ өндірісінде құрылыс сапасы болашақ технологиялық процеске тікелей әсер етеді. Мұнда әрбір жікке, түйісу орнына мән беру қажет. Сондықтан біздің міндетіміз өндірістік корпусты салып қана қою емес, тапсырыс берушінің технологиялық жабдықтарын орналастырып, іске қосуға толық дайын инженерлік орта құру болды», - деді BI-Industrial жоба жетекшісі Ғабиден Еңсебаев.
Конструкциялар мен инженерлік коммуникацияларды өзара байланыстыру үшін BI-Industrial мамандары 3D-модельдеуді қолданды. Соның арқасында түрлі жүйелерді алдын ала сәйкестендіріп, техникалық шешімдерді құрылыс алаңында тиісті жұмыстар басталғанға дейін пысықтауға мүмкіндік туды.
Өндірістік желілерге арналған технологиялық жабдықтарды тапсырыс беруші сатып алып, оларды арнайы мамандар орнатты. BI-Industrial бұл кәсіпорынды жабдықтарды біріктіруге және өндірісті кейіннен іске қосуға қажетті құрылыс және инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етті.
Bakerton жобасы BI-Industrial портфеліндегі тағы бір ірі өнеркәсіптік жобаға айналды. Бүгінде компания Қазақстанда тамақ өнеркәсібінен бастап мұнай-химия, химия өндірісі мен энергетикаға дейінгі түрлі салаларда өндірістік нысандар салып жатыр. Дивизионның тапсырыс берушілері мен серіктестері қатарында PepsiCo, Silleno, Qazaq Soda, Masdar және басқа да халықаралық әрі қазақстандық компаниялар бар.