Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген балаларға Мәскеу мен Минсктен келген жетекші хирургтер ота жасады
Атырау облысында ауқымды Mumkindik медициналық жобасы аяқталды. Бұл балаларға медициналық көмек көрсету және қазақстандық дәрігерлерді оқытуды бір арнаға біріктірген жоба. 31 тамыз бен 11 қыркүйек аралығында Мәскеу мен Минсктен келген жетекші мамандар хирургиялық және ортопедиялық патологиялары бар науқастарды қабылдап, ота жасады. Қазақстанның әр өңірінен келген 32 балаға медициналық көмек берілді.
Жоба BI Group компаниясының «BI-Жұлдызай» корпоративтік қоры мен Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүзеге асты. Жоба аясында балаларға тегін көмек көрсетілді, мамандар оларды қабылдап, тексеріп, ота жасады.
Жобаның алғашқы кезеңі балалар колопроктологиясына арналды. Ота жасап, шеберлік сабақтарын өткізу үшін Атырауға медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мәскеуден келген балалар хирургі Игорь Киргизов келді. Ол - осы саладағы әлемнің жетекші мамандарының бірі.
Оның жетекшілігімен 21 балаға хирургиялық көмек көрсетілді. Атырауға емделуге өңір тұрғындарымен қатар Астана, Шымкент қалаларынан, Жамбыл, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан балалар келді. Олардың арасында тоқ ішектің туа біткен ақауы - Гиршпрунг диагнозы қойылған Фатима да бар. Жобаға қатысқанға дейін оған төрт рет ота жасалған.
«Диагноз қойылғанға дейін қызым екеуміз бірнеше рет инфекциялық бөлімшеде емделдік. Кейін бізді хирургия бөліміне жіберді. Жағдайымыз күрделі болғандықтан, бізді қабылдай алмай қала ма деп қатты уайымдадым. Қызым өздігінен дәретке отыра алмайтын, тоқ ішегі жоқ. Бақытымызға қарай, профессор ота жасап, бәрі сәтті өтті. Қазірдің өзінде оң нәтижесін көріп отырмыз. Осындай жоғары деңгейдегі маманнан көмек алуға мүмкіндік берген қор мен BI Group компаниясына шын жүректен алғыс айтамыз», - деді қыздың анасы.
Сонымен қатар Игорь Киргизов 33 бала қабылдап, олардың отбасыларына әрі қарайғы емдеу мен оңалту бойынша ұсыныстар берді.
Жасалған оталар аясында қазақстандық мамандар тәжірибе алмасты. Шеберлік сабақтарына Семей қаласы мен Атырау облысының аудандарынан келген балалар хирургтері қатысты. Сондай-ақ учаскелік педиатрлар мен қалалық емхана дәрігерлеріне бірқатар дәріс өткізді.
7-11 қыркүйек аралығында жобаны Минсктегі Республикалық травматология және ортопедия ғылыми-практикалық орталығының балалар травматологиясы және ортопедиясы бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Юрий Лихачевский жалғастырды.
Оның жетекшілігімен Атырау облыстық балалар ауруханасында ортопедиялық патологиялары бар балалар тексеріліп, маман кеңесін алды және оларға жоспарлы хирургиялық ем жүргізілді. Маман 11 ота жасап, жергілікті травматолог-ортопедтермен тәжірибесімен бөлісті.
Mumkindik жобасының басты мақсаты - жоғары мамандандырылған медициналық көмекті өңірлердің өзінде қолжетімді ету. Бұл балалардың ата-аналарына шетелге барып немесе республикалық орталықтарға жүгінудің қажеті болмады. Атырау облысының дәрігерлері диагностика мен емдеудің озық әдістерін меңгеруге мүмкіндік алды.
Қазіргі уақытта BI Group жобаны өңірде әрі қарай дамыту жолдарын қарастырып жатыр. Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп заманауи емдеу әдістерін енгізуді жалғастыру және шетелдік медицина мамандарымен ынтымақтастықты дамыту жоспарланып отыр.
Атырауда жүзеге асырылған жоба - қордың елімізде жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытуға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі. 2026 жылдың басынан бері «BI-Жұлдызай» 10 рет шетелдік мамандарды елге әкелді. Олар Астана, Шымкент, Тараз, Ақтау және Атырау қалаларында балаларға 146 күрделі ота жасады.