Қазақстанда коронавирусты емдеуге арналған үш жұқпалы аурухананың құрылысы жалғасуда
 PRINT -3.jpg)
Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы үш медициналық мекеменің
құрылысы қарқынды жүруде. Бұл маңызды жоба
туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай
режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия қабылдады. Жаңа нысандар дәрігерлердің резервтік мүмкіндіктерін
кеңейтіп, науқастарға уақытылы көмек көрсетуге кепілдік береді. Басқа елдердегі жедел салынатын ауруханаларға қарағанда, еліміздегі
үш мекеме ұзақ жұмыс мерзіміне салынады. Олар індеттен кейін қарапайым
медициналық мекеме ретінде жұмысын жалғастырады.
Елордадағы жұқпалы аурухана
200 орынды (реанимациядағы 20 орынды қосқанда) қамтиды деп жоспарланып отыр.
Алматыдағы нысан 280 орынға есептелсе, Шымкенттегі аурухана 200 науқасты
қабылдай алатын болады. Емдеу мекемесінің сыйымдылығы қажет болған жағдайда екі еселенуі мүмкін. Ауруханаларда карантин,
қарқынды терапия, реанимация аймақтары қарастырылған. Олар биохимиялық
зертханалармен, рентген кабинеттерімен және компьютерлік томографиямен
қамтамасыз етілетін болады. Оған қоса, аурухана палаталарындағы қалыпты қысымды
қамтамасыз ететін арнайы желдету жүйесі орнатылуы өте маңызды. Бұл медицина
қызметкерлеріне төндіретін қауіпті сейілтуге мүмкіндік береді.
Үкімет медициналық мекемелерді
қысқа мерзімде салып, іске қосуды BI Group холдингіне тапсырды.
Елордадағы нысанның жер
жұмыстары алдын ала жүргізіліп, құрылыс 5 сәуірде басталды. Қазіргі уақытта
инженерлік желілерді монтаждау жұмыстары аяқталып, неміс технологиясы бойынша MODEX
зауытында жасалған модульдік темірбетон блоктар орнатылуда. Аурухана 15 сәуірде
пайдалануға берілуі тиіс.
Еліміздің басқа қалаларында да
дайындық қызу жүргізілуде. Алматы қаласында құрылыс сәуірдің 9-ы күні
басталады. Ал Шымкентте жоба параметрлерін түзету жұмыстары жасалуда.
Әкімдіктер мен мемлекеттік органдар құрылысқа арналған құжаттаманы дайындап, өз
кезегінде жоба үшін қажетті қолдауды көрсетуде. Сонымен қатар, карантин
жағдайында құрылысшыларды, техниканы және қажетті жүктерді жеткізу мен олардың
еш кедергісіз жұмыс істеуі үшін толық медициналық бақылау жүргізіліп, "жасыл
дәліздермен" қамтамасыз етілген.