Алматыдағы жұқпалы аурухана дәрігерлерге берілді

Алматыдағы жұқпалы аурухана дәрігерлерге берілді
Бүгін Алматы қаласында медицина қызметкерлеріне жаңа жұқпалы аурухана тапсырылды. Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев пен BI Group компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаев қатысты.
Еліміздегі жұқпалы ауруханаларды салу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия сәуір айының басында қабылданған болатын. Осыған сәйкес, 5 сәуірде Алматыда дайындық жұмыстары басталып, 9 сәуірде медициналық мекеменің құрылысы басталды. Құрылыс алаңында үш ауысымда мыңға жуық адам тәулік бойы жұмыс істеді. Бұл ретте құрылыс жүргізетін компания ешбір пайдасыз, өзіндік құны бойынша жұмыс істейтіндігін хабарлады. Бұл бастаманы ондаған құрылыс материалдарын жеткізушілер мен мердігерлер де қолдады. Үнемделген қаражат медициналық жабдықтарды сатып алуға жұмсалатын болады. Құрылыс құны бойынша тәуелсіз талдауды Deloitte компаниясы жүргізеді.
Екі қабатты мекеменің ауданы 5850 ш.м-ді құрады. Ғимарат сэндвич-панельдері бар құрылыс модульдерінен тұрғызылды. 280 төсек-орынға арналған, жалпы 98 палатадан тұратын ауруханада 28 карқынды терапия, зертхана, рентген және компьютерлік томография кабинеттері, сондай-ақ карантин аймағы бар. Кешен арнайы кәріз және желдету жүйелерімен жабдықталған. Аурухана палаталарындағы теріс қысымды қамтамасыз ететін арнайы желдету жүйесі іштегі ауаны есік жабылған кезде де сыртқа шығармайды. Сонымен қатар, желдету тазалау және залалсыздандыру жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл шаралар айналадағылардың, ең алдымен, дәрігерлердің ауру жұқтыру қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. 23 сәуірдегі мәліметтер бойынша Қазақстанда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 2289 фактісі тіркелді. Оның 756-сы Алматыда анықталып, бұл көрсеткіштің жартысы медицина қызметкерлері екендігін көрсетті.
Осы аптаның аяғына дейін аурухана алғашқы науқастарды қабылдайды деп күтілуде. Естеріңізге салсақ, 200 төсек-орынға арналған Нұр-Сұлтандағы модульді аурухана 23 сәуірде дәрігерлерге берілген болатын.