Танымал ресейлік хирург Шымкентте 14 балаға ота жасады

Шымкентте Ресейдің «Балалар денсаулығы ұлттық ғылыми орталығының» белгілі травматолог-ортопеді Павел Зубков даму ақаулары бар 14 қазақстандық балаға ота жасады. Емдеу «Жұлдызай» Корпоративтік Қорының Mumkindik менторлық жобасы аясында тегін өткізілді. Сонымен қатар, хирург қазақстандық мамандар үшін шеберлік сабағын өткізіп, оларға инновациялық әдістерді меңгеруге, тәжірибе алмасуға және біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік берді.
Оталар Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында өтті. Қазақстандық хирургтар төменгі аяқ-қол мүшелеріне жасалатын оталардың заманауи әдістерін меңгерді.
11 жасар науқастың анасы өз әсерімен бөлісті:
«Сауран жүктіліктің 29 аптасында дүниеге келіп, оған церебральды сал ауруы диагнозы қойылды. Оның басында киста бар, осыған дейін біз неврологиялық ем қабылдадық. Ол жүреді, бірақ аяғын дұрыс баспайды. Бұл оның алғашқы отасы және мен тек жақсы нәтижеге үміт артамын. Өз сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біз 11 жыл бойы күресіп келеміз. Ұлымның барлық балалар сияқты жүріп кететініне сенемін. Бұрын Сауранды шетелдік клиникаларға апаруды армандаған едім, өйткені ол жақта балалардың емделіп, өздері жүріп кеткендерін көрдім. Бірақ бізге елден шықпай-ақ шетелдік маманға қаралу бақыты бұйырды. «Жұлдызай» қорына осындай отаны елімізде өткізу мүмкіндігін сыйлағаны үшін бар жүрегіммен алғысымды білдіремін. Тек жақсы нәтижеге үміттенетін боламын».
Еске сала кетсек, 2024 жылдың басынан бері Mumkindik бағдарламасы аясында 87 технологиялық операция жасалып, 200-ге жуық бала шетелдік үздік мамандардан кеңес алды. Бұл жобаны BI Group құрылыс холдингі мен оның қызметкерлері қолдап, шетелдік профессорлардың жалақылары мен барлық шығындарын өтеуде.