Астана маңындағы кентте пәтері өртке оранған сегіз отбасыға жаңа пәтерлер табысталды

Ауыл тұрғындары желтоқсанда болған алапат өрттен кейін қоныстойын атап өтті.
Жаңа жылдық мереке күндері елорда іргесінде орналасқан Қараөткел ауылындағы
екі қабатты тұрғын үйден шыққан өрттің салдарынан сегіз отбасы баспанасыз қалған
болатын. Сегіз пәтердің бесеуінің әбден ескірген ағаш қаңқасын жаңартпай, қалпына
келтіру мүмкін емес еді. Azattyq Rýhy агенттігінің айтуынша, бұл үй 1960 жылы
салынған екен.
Аудан әкімдігі өрттен зардап шеккендердің өтінішіне шұғыл түрде әрекет етіп,
белгілі құрылыс компаниясының көмегіне жүгінді.
Құрылыс компаниясы да өтінішке ойланбастан жауап беріп, барлық
жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын, құрылыс материалдарын жеткізуді өз қаражаты
есебінен жүргізіп, өрттен зардап шеккендердің жалғыз баспанасын қалпына келтіріп
берді.
«Біздің компаниямыз қайғылы оқиғаны естіген бойда әлеуметтік
жауапкершілікті ескере отырып, қажетті қаражат, материал, еңбек ресурстарын
бөлу мен зардап шеккендердің баспанасын қалпына келтіруге көмектесуге бірден шешім
қабылдады. Үйді тапсыру жұмыстары бір айға созылды. Әріптестеріміз ғимараттың
қаңқасын қалпына келтіріп бекітті. Үй өрт шыққанға дейін де апатты жағдайда
болған. Сараптама қорытындысы бойынша нысан құрылымдары нығайтылғаннан кейін
ресми түрде қауіпсіз деп танылды», - деп атап өтті BI Group өкілі Руслан
Тоқпанбаев.
Оның айтуынша, өрттің салдарынан пәтерлердің барлығы дерлік тұруға жарамсыз
болған. Шамамен 200 шаршы метр пәтер негізгі әрлеу жұмыстарын жүргізуге арналып
қалпына келтірілген.
Жылу жүйесі өз алдына бір бөлек мәселе еді. Бұл ауданда орталықтандырылған
жылу жүйесі болмағандықтан, тұрғындар өрт шыққанға дейін пәтерлеріндегі пешке
от жағып келген. Бұл қайғылы оқиғаның қайталануына әкелуі мүмкін еді, өйткені
өрт пештің дұрыс жұмыс істемеуінен шыққан болатын. Қазір пәтерлерге электр
жылыту жүйесі орнатылып, желідегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін электр
монтаждау жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде тұрғындарға үйдің кілті берілді. Тұрғындар пәтерлерін жиһаз және
тұрмыстық техникалармен жабдықтап жатыр. Олар жергілікті билік пен
құрылысшыларға болған оқиғаға бей-жай қарамай, азаматтық көрсеткендері үшін
ғана емес, барлық жұмысты тез әрі сапалы атқарғаны үшін де алғыстарын білдірді.
«Ауылымызда қайғылы жағдай орын алды. Жаңа жыл қарсаңында өрт шығып, 8
отбасы далада қалды. Ол кезде мұндай қиын сәтте қол ұшын созатын адамдар бар
дегенге ешкім сенбеген еді. Қазір тұрғындардың көзінен сенім мен қуаныш көріп
тұрмын. Тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, үйлерін тез арада қалпына келтіруге
атсалысқан құрылысшыларға көп рақмет», - деді Ақмола облысы Целиноград
ауданының әкімі Бахидбек Оспанбеков.