Қазақстанның әлемдік құрылыс нарығындағы рөлі. Жаңартылған ENR рейтингі жарияланды

Қазақстан құрылыс саласында әлемдік нарықтағы орнын нығайтып келеді. Жақында жарияланған ENR Top 250 Global Contractors 2026 рейтингінде елімізден шыққан жалғыз өкіл BI Group компаниясы әлемдегі ең ірі құрылыс компанияларының арасында 131-орынға ие болды. Бір жыл бұрын холдинг бұл рейтингте 163-орында тұрған еді. Оған қоса, BI Group алғаш рет халықаралық құрылыс бизнесінің көлемін бағалайтын ENR Top 250 International Contractors рейтингіне енді.

Бұл рейтингтерді америкалық Engineering News-Record басылымы жасайды. Global Contractors рейтингі құрылыс қызметінен түскен жалпы табыс бойынша әлемдегі ең ірі мердігер компанияларды қамтыса, International Contractors компаниялардың өздері тіркелген елден тыс жерлерде жүзеге асырған жобаларынан түскен табысына негізделеді.
Отандық компанияның осындай беделді рейтингтерде көтерілуі - Қазақстан үшін маңызды жетістік әрі мақтан тұтарлық нәтиже. Бұл елімізде ауқымы жағынан әлемдік нарықтағы ірі компаниялармен бәсекелесе алатын құрылыс саласындағы бизнестің қалыптасқанын көрсетеді. Ал BI Group компаниясының International Contractors рейтингіне енуі холдинг дамуының жаңа кезеңін, яғни шетелдік нарықтарға шығуын айғақтайды.
«Қазақстан біз қызметімізді жүргізетін негізгі нарық әрі басты бағытымыз болып қала береді. Елімізде 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, мол тәжірибе, білім жинадық. Соның арқасында Қазақстанның құрылыс саласын шетелде таныта аламыз. Бұл отандық тәжірибе мен қабілеттерімізді халықаралық нарыққа шығару деген сөз. Біз жаңа нарықтарда қазақстандық технологиялар мен басқарушылық тәжірибені қолданып, әлемдегі озық тәжірибелерді де меңгереміз. Бұл білім мен тәжірибені елімізге әкеліп, Қазақстандағы құрылыс сапасын дамытуға және отандық саланың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етуі біз үшін аса маңызды», - деді BI Group холдингінің атқарушы директоры Ернар Жанәділ.
BI Group 2020 жылдан бері халықаралық нарықтағы бизнесін дамытып келеді. Девелоперлік компания Әзербайжанда жергілікті компаниялармен серіктестік орнатып, бизнесін дамытып жатыр. Ал БАӘ мен АҚШ-тағы қызметі үлкен бәсекелестіктің арқасында халықаралық стандарттар мен саланың озық тәжірибелерін меңгеруге мүмкіндік береді. Өзбекстанда компанияның аймақтарды кешенді дамыту және заманауи қала салу саласындағы тәжірибесіне сұраныс жоғары.
Дегенмен, Ернар Жанәділ атап өткендей, BI Group үшін тек географиялық тұрғыда кеңею ғана маңызды емес. Компания қазіргі бағыттарын дамытуға басты ден қояды. Нарықтағы сұранысты, жобалардың экономикалық тиімділігін және сенімді серіктестердің бар екенін ескере отырып жаңа мүмкіндіктерді бағалайды.
ENR рейтингінде орын алу ең алдымен құрылыстың ауқымын көрсетеді. Сонымен қатар қазақстандық компанияның бірден екі әлемдік рейтингке енуі отандық құрылыс саласының әлеуетінің көрсеткіші. Қазақстандық тәжірибе халықаралық нарықта дамуға негіз болса, шетелде жинақталған білім еліміздегі құрылыс сапасын арттыруға ықпал етеді.