Әлемге әйгілі дәрігер қазақстандық балаларға тағы да ота жасады

Израильден келген жетекші балалар ортопеді Марк Эйдельман елімізге үшінші рет, соның ішінде «Жұлдызай» корпоративтік қорының «MUMKINDIK» жобасы аясында екінші рет келді. Белгілі профессор сапары барысында науқас балаларға күрделі 11 отаны тегін жасады.
Жасалған оталар Марк Эйдельманның барлық аймақтан келген 28 қазақстандық дәрігерге арналған «Балалар мен жасөспірімдердегі жамбастың туа біткен шығып кетуін хирургиялық емдеу» халықаралық шеберлік сабағының негізі болды. Елордада 3 күн бойы медицина ғылымдарының докторы жергілікті дәрігерлерге сирек кездесетін диагноздарға ерекше операциялар жасаудың техникасы мен әдістерін үйретті. Кейбір жағдайлар хирургтің өзі мойындағанындай, оған қиын болды.
«Қазақстанға тағы да келу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Өкінішке қарай, көптеген ауыр науқастар бар, мен пациенттерге қолымнан келгенінше көмектесуге тырысамын. Кейбір операциялар менімен бірге бірінші кезеңнен өткен балаларға жасалды. Мен өзіммен бірге ота жасаудың белгілі бір түрлеріне арналған арнайы жабдықты ала келдім. Бәрінің жақсы болатынына күмәнім жоқ», – деп атап өтті профессор.
Марк Эйдельман – медицина ғылымдарының докторы, Хайва қаласындағы Рут ауруханасының директоры, «Технион» Израиль технологиялық университетінің профессоры, әлемдегі жетекші балалар ортопедтері рейтингінде үшінші орынды иемденеді. «14 жыл ішінде қызыма 6 рет ота жасалды. Туғанда екі жамбасы шығып кеткен, мүгедектігі бар. Тараздан келдік, онда оң аяққа 4, сол аяққа 2 ота жасалды. Келесісі де туған қаламызда өтуі керек еді, бірақ дәрігерлер бізді Астанаға жіберді, өйткені операция күрделі әрі көлемді болғандықтан, Израильден келген профессордың қатысуымен өтті. Дәрігерге көп рақмет!» – деді науқастардың бірінің анасы.
«Жұлдызай» корпоративтік қоры 2004 жылдан бастап республикада «MUMKINDIK» тәлімгерлік бағдарламасын жүзеге асырып келеді, тек биылғы жылдың өзінде оның қаржыландыруымен еліміздің 4 өңірінде 7 шетелдік дәрігер шеберлік сабақтарын өткізді. Жобаның барлық кезеңінде 900 балаға ота жасалып, 4 миллиард теңгеден астам мемлекет бюджеті мен науқасы бар балалардың ата-аналарының қаражаты үнемделді.
BI Group құрылыс холдингі жобаның бас және жалғыз серіктесі болып табылады.