BI Group: жаңа технология тұрғын үйді қолжетімді етеді

        3 қыркүйек 2019

        BI Group: жаңа технология тұрғын үйді қолжетімді етеді

        Қазақстанда алғаш рет «Модульді тұрғын үй технологиясы» іске қосылды, ол құрылыс мерзімін төрт есе қысқартуға мүмкіндік береді.
        2 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласында ModeX модульді тұрғын үй технологиясы бойынша салынып жатқан зауыт аумағында бірінші модульді блок шығарылды, оған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қатысты. Бұл модульді блок екі аптадан кейін елордамыздағы тұрғын үй кешендерінің біріне орнатылады.
        «Бұл құрылыс саласындағы инновацияларды дамытудағы маңызды қадам. Нарық жаңа технологияларды талап етеді. Менің ойымша, BI Group холдингі өте маңызды қадам жасады. Біріншіден, біз өндірістің технологиялылығын арттырамыз және нарық өте сапалы өнім алады. Екіншіден, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін компания алдына шаршы метрдің құнын барынша төмендету міндетін қойып отырмыз. Құрылыс – ең қарқынды дамып келе жатқан сала. Зауыт ұжымын бірінші модульді блоктың шығарылуымен құттықтаймын!», - деді ҚР Премьер-Министрі.
        Құрылыстың қысқа мерзімде аяқталатындығының есебінен, тұрғын үйдің өзіндік құны төмендейді, есесіне үйдің бағасы да арзандай түседі. Осы технология бойынша 16 қабатты бір кіреберісті үйді әдеттегідей 14-18 айда емес, 4 айда салып бітіруге болады әрі пәтерлер дайын күйінде тапсырылады. Бір қабат 1 күнде салынады, онда 6-8 адамнан тұратын құрылыс бригадасы жұмыс жасайды, ал құрылыстың дәстүрлі технологиясы кемінде 100 маманды қажет етеді.
        «Барлық блоктар зауытта дайын күйінде жасалады. Зауыттан терезелері, қасбеті, сантехникасы, кафель, тұсқағаз, ламинат, үй ішіндегі коммуникациялардың алдын ала орнатылған элементтері – құбырлар мен электр сымдары бар дайын бөлмелер жасап шығарылады. Ал пәтердің жөндеу жұмыстары тұрғын үйдің класына байланысты. Құрылыс жұмыстары даладағыдай лас жерде емес, зауытта таза жерде орындалады», - деп түсіндірді зауыт директоры Қайрат Қасқанов.
              BI Group холдингі ModeX зауытының құрылысы мен бірінші кезегін іске қосуға 10 млрд теңге инвестиция құйды, оның 6,5 млрд – «АТФ Банк» екінші деңгейлі банкінің жылдық 14% қарызы, оның 8%-ын отандық өндірісті дамыту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» өтейді. Зауыттың бірінші кезегі 2020 жылдың ақпан айында пайдалануға беріледі, ол жылына 200 мың шаршы метр тұрғын үйді жасап шығарады және 200 жұмыс орны ашылады. Жалпы жобалық қуаты жылына 470 мың шаршы метр тұрғын үй шығаратын үш кезекті салу жоспарлануда: 1-кезекті іске қосу 2020 жылдың наурыз айында, 3-шісі - 2021 жылы іске қосылады. Қызметкерлер үшін жаңа технологияларды оқыту үшін дуалды білім беру жүйесі қарастырылған.
        Қазақстанда жаңа технологияны енгізуге қажетті уақытты барынша қысқарту үшін жоба командасы зауыттың бірінші кезегінің құрылысын аяқтағанға дейін модульді блоктар өндірісін бастады.
              «Әлем, жаһандық экономика қарқынды дамуда. Сондықтан біз зауыт құрылысымен қатар prefab-өнімді шығаруды бастау туралы шешім қабылдадық. Біз қазірдің өзінде осы әдіспен "7Я" тұрғын үй кешеніндегі комфорт класты 16 қабатты үйді салуды бастап кеттік. Көлемі 38-40 шаршы метр болатын бір бөлмеліден бастап, 80 шаршы метрге дейінгі үш бөлмелі пәтерлерге дейін бар. Пәтер төбесінің биіктігі – 2,7 м. Біз бүгін шығарған бірінші модуль 2 аптадан кейін болашақ үйдің дайындалған цокольдық қабатына орнатылады», - деп атап өтті BI Group Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаев.
              Модульді үй құрылысы тиімділігімен қатар, сапасымен де ерекшеленеді. Өйткені барлық негізгі жұмыстар зауытта, таза жерде орындалады. Әрі модульді блок жасауда экологиялық жағынан таза керамзибетон қолданылады. Жылу және дыбыс оқшаулағыш қасиеттердің сапалық көрсеткіштеріне (57 децибел, СНиП мемлекеттік стандарттарына сай) қос қабырға, еден және төбе есебінен қол жеткізіледі. Айта кету керек, бұл технология бүгінде Германияда аз қабатты құрылыс үшін және Сингапурда 30-40 қабатты тұрғын үйлер мен коммерциялық ғимараттар салу үшін қолданылады.
              Өндірістің жаңа технологиясын іске қосу құрметіне ModeX модульді үй құрылысы зауытының командасы кәсіпорынның іргесіне «уақыт капсуласын» салды. BI Group холдингі ұжымының жолдауы - BI Group компаниясының 50 жылдық мерей тойында оқитын болашақ әріптестерімізге бағытталған. Атап айтқанда, онда былай делінген: «Болашақ ұрпақ еңбегіміздің нәтижесін мақтан тұтатынына сенеміз. Біз болашақ ұрпақ үшін бақыт іргетасын қалаймыз!»
        Құрылыс саласы үшін маңызды іс-шараға ModeX зауытының және BI Group компаниясының қызметкерлері, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек, қала әкімі Алтай Көлгінов, және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

        Сайтта жарияланатын материалдарға барлық құқықтар BI Group компаниясына тиесілі © 1995-2025
        Пайдаланушыға сайтта орналастырылған кез келген материал BI Group компаниясының (құқық иесі) зияткерлік меншік нысаны болып табылатыны туралы ескертілді. Пайдаланушы құқық иесінің алдын ала жазбаша рұқсатынсыз зияткерлік меншік нысандарымен қандай да бір әрекетті жүзеге асыруға құқылы болмайды, олай болмаған жағдайда, құқық иесі ҚР заңнамасында қарастырылған айыппұлдарды өндіріп алу, сондай-ақ өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құзырлы органдарға жүгіну құқығын өзіне қалдырады.
        Осы сайтта ұсынылған кез келген ақпарат тек ақпараттық сипатқа ие және ешбір жағдайда жария оферта болып табылмайды.