BI Group компаниясының Бокаев мырзаның мәлімдемелеріне қатысты ресми ұстанымы
Біздің компанияға қатысты жауапсыз іс жүргізеді деген айып тағылуда. Біз үшін қоғам алдында нақты деректерге негізделіп шешім қабылдау және жобаларды іске асыру процестері қалай жұмыс істейтінін ашық түрде түсіндіру маңызды. Біз бұл істе эмоцияға берілмеудің маңыздылығын түсінеміз.
1. BI Group және оның бөлімшелері қандай да бір жобаның бастамашысы емес және ешқандай лоббимен айналыспайды. Театр, мұражай, көпір, жол, аурухана, мектеп және басқа да нысандарды салу немесе реконструкциялау туралы шешімдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар аясында қабылданады. Құрылыс компаниялары бұл процеске тек конкурс кезеңінде қосылады, ал саяси немесе әкімшілік шешімдер бұған дейін қабылданып қояды.
2. BI Group-тың бас мердігер ретінде таңдалуы қашанда конкурс нәтижесінде шешіледі. Іріктеу қатаң талаптар негізінде өтеді. Мысалы, компанияның қаржылық тұрақтылығы, команданың біліктілігі, күрделі нысандарды іске асыру тәжірибесі және құрылыс саласындағы кәсібилігі ескеріледі. Бұл жүйеде өз бетімен тағайындау деген түсінік жоқ.
3. Егер тапсырыс беруші дайын жобалық-сметалық құжаттаманы ұсынбаса, инженерлік жобаны әзірлейтін ұйымды мердігердің таңдауы – заңды әрекет әрі нарықта қалыптасқан тәжірибе. Мердігерге тапсырыс берушінің талаптарына және қауіпсіздік нормаларына толық сәйкес келетін жобаны әзірлей алатын серіктесті таңдауға заңнама мүмкіндік береді.
4. Кез келген жоба міндетті сараптамадан өтеді. Оның қорытындысын тапсырыс беруші бекітеді. Сараптамадан өтпеген жоба келесі кезеңге жіберілмейді.
5. Құрылыс-монтаж жұмыстары басталғанға дейін жобаны тексеріп, бекітуге міндетті барлық тараптар көреді. Оның ішінде мемлекеттік қаржылық сараптама және жобаның құнын бекіту кезеңдері бар. Нысанның құнын компания өздігінен белгілей алмайды, ол тек нормативтік рәсімдер аясында анықталады.
6. Боқаев мырза қозғаған мәселелер – құрылыс сапасы, реконструкция қажеттілігі, бағаның жасалуы және басқа да сұрақтар бойынша – компания бірнеше рет кеңейтілген ақпараттарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған. Театрларды реконструкциялау жобалары бойынша қосымша түсініктемелер BI Group-тың ресми YouTube арнасындағы бейнематериалдарда берілген. Онда жұмыс жүргізілу реті және қандай қағидаттар негізінде шешім қабылданғаны толық айтылған.
Сондай-ақ театрдың сыртқы қаптамасының жағдайына тоқталу маңызды. Әртүрлі жылдары плиткалардың құлап кету қаупін болдырмау үшін олар уақытша бекітіліп отырған. Соның салдарынан қаптаманың басым бөлігі зақымданған. Бұны дәлелдейтін фото және бейнематериалдар бар.
Бұдан бөлек, сахналық механизмдерді, жүк көтеру құрылғыларын, жарық жабдықтарын, ішкі әрлеу элементтерін және басқа да техникалық жүйелерді жөндеуді қамтитын үлкен көлемдегі жұмыстар бар. Бұл да фотосуреттермен расталған.





Компанияның ұстанымы айқын. Біз фактілерге негізделген ашық және кәсіби қарым-қатынасты қолдаймыз. Егер BI Group-тың нысандарына қатысты сұрақтарыңыз болса, біз ашықпыз және әр жобаның барлық аспектілері бойынша жауап беруге дайынбыз.