Құрылысшылар форумда дағдарысты еңсеру шараларын талқылады

        5 мамыр 2020

        Құрылысшылар форумда дағдарысты еңсеру шараларын талқылады 

        Бүгін Қазақстан астанасында BI Group компаниясының бизнес-серіктестерінің форумы өтті. Әдетте бұл форумдарда компания мен мердігерлердің өзара қарым-қатынасы туралы ашық диалог жүріп, нарықты дамыту және ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру бойынша ауқымды мәселелер талқыланады.

        Биылғы алтыншы форум кезектен тыс өтті. Ұйымдастырушылар карантинге байланысты 2 мың қатысушы үшін оны онлайн өткізуге шешім қабылдады. Талқылаудың басты тақырыбы экономикалық дағдарыс және коронавирус пандемиясы жағдайына бейімделу, сондай-ақ нарыққа қатысушылардың бір-бірімен және мемлекетпен өзара іс-қимыл жасау мәселелері болды.

        BI Group баяндамашысының айтуынша, Қазақстанның құрылыс саласында ЖІӨ-нің 6,5%-ын қамтамасыз ететін 38 мың компанияда 635 мың адам жұмыс істейді. Өткен жылы ел құрылысшылары жұмысты 4,4 трлн теңгеге орындап, бюджетке 200 млрд теңге салық төлеген. Бір ғана BI Group-та 80 мың мердігерді жұмыспен қамтамасыз ететін 8 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жалпы, статистика бойынша құрылыстағы бір жұмыс орны көршілес салаларда 12-ге дейінгі жұмыс орнын құрайды.

        Дағдарыс аясында салаға айтарлықтай құлдырау қаупі төніп тұр. Сату саны 40% - ға, 2019 жылы 13,1 млн ш.м-ден 2021 жылы 9,1 млн ш.м-ге дейін қысқаруы мүмкін. ШОБ секторы үшін тапсырыс көлемі күтілетін  1,97 трлн теңгеден 1,38 трлн теңгеге дейін құлдырауы мүмкін. Салада жұмыспен қамтылғандар саны 25%-ға төмендеуі , яғни, 160 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін.

        Нарық көлемі мен табыстың төмендеуі жағдайында құрылыс холдингі мен серіктестер бизнесті барынша цифрландыру есебінен шығындарды қысқарту мүмкіндігін талқылады. Мысалы, BI Group-те BI Partners интернет-алаңы қарқынды жұмыс істейді. Ол құжат айналымын айтарлықтай жылдамдатып, бос тұрып қалу уақытын және уақытша шығындарды қысқартады. Сондай-ақ, оның көмегімен 2019 жылы 557 млрд теңгеден астам соманы қамтитын келісімге қол қойылды. Компания серіктестерге жұмыстардың орындалуын бақылау, логистикалық шығындарды оңтайландыру бойынша бағдарламалық өнімдерді ұсынды. Тараптар үнемді өндіріс жүйесін енгізу мәселелерін талқылады.

        Индустриялық құрылыс технологияларын кеңінен енгізу дағдарысқа қарсы мықты шешім болуға тиіс. Ел астанасында салынған аурухана құрылысына қолданылған ModeX зауытының темірбетон модульдерін пайдалану блоктар мен әрлеудің жоғары сапасын қамтамасыз ете отырып, тұрғын үй құрылысының мерзімін үш айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, бұрын хабарланғандай, BI Group холдингі компания ішіндегі жалақыны жоғары басшылыққа 40%-ға және орта және төменгі буын менеджерлеріне 10-25%-ға қысқарту туралы шешім қабылдады.

        Форум барысында қатысушылар құрылыс индустриясындағы шағын және орта бизнес үшін салық төлеуді кейінге қалдыру мәселелерін көтерді. Банк несиелерінің қолжетімсіздігіне және кепіл бойынша ЕДБ тарапынан қойылған талаптардың жоғары екендігіне назар аударды. Осы мәселелерді талқылай келе, құрылысшылар тұрғын үй мәселесін шешуді қажет ететін халықтың қолдауы дағдарысқа қарсы неғұрлым тиімді шешім болар еді деген пікірге келді. Мәселен, үлестік қатысу шарттары бойынша объектілерді енгізу есебінен ипотекалық бағдарламаларды кеңейту, "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасы бойынша ипотекаға сатып алуға болатын пәтерлердің баға шекараларын кеңейту, "Нұрлы Жер" бағдарламасын түзету (коммерциялық нарықта тұрғын үйді сатып алуды қамтамасыз ету мақсатында ЖЖСБ үшін 200 млрд теңге бөлу) және басқа да шаралар.

        Бұл сұранысты ынталандырып, азаматтарға үлестік құрылыс туралы заң нормалары бойынша жұмыс істейтін адал компаниялардан пәтерді екінші нарыққа қарағанда, тұрғын үйдің құрылысы басталған кезде төменгі бағада сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл шаралар құрылыс секторында жұмыс істейтін жүздеген мың қазақстандықты, соның ішінде құрылыс салушылардың серіктестерін – ШОБ өкілдерін жұмыспен қамтамасыз етуге көмектесер еді. Яғни, салық салу базасын сақтап қалар еді.

        Сонымен қатар, құрылысшылар нарыққа қатысушылардың тәртібін және олардың жұмыс сапасының стандарттарын, заңнама талаптарын сақтауын бақылауды қатаңдатуға шақырды.



        Сайтта жарияланатын материалдарға барлық құқықтар BI Group компаниясына тиесілі © 1995-2025
        Пайдаланушыға сайтта орналастырылған кез келген материал BI Group компаниясының (құқық иесі) зияткерлік меншік нысаны болып табылатыны туралы ескертілді. Пайдаланушы құқық иесінің алдын ала жазбаша рұқсатынсыз зияткерлік меншік нысандарымен қандай да бір әрекетті жүзеге асыруға құқылы болмайды, олай болмаған жағдайда, құқық иесі ҚР заңнамасында қарастырылған айыппұлдарды өндіріп алу, сондай-ақ өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құзырлы органдарға жүгіну құқығын өзіне қалдырады.
        Осы сайтта ұсынылған кез келген ақпарат тек ақпараттық сипатқа ие және ешбір жағдайда жария оферта болып табылмайды.