«Жұлдызай» мерейтойлық Фестивалінің Гала-концертіне дайындықтың соңғы кезеңі өтеді

1 маусымда Астанада Республикалық «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивалінің Гала-концерті өтеді. Бұл жиырма жылға жуық уақыт бойы ерекше қажеттіліктері бар балаларға өз таланттарын ашып, үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік жасап келе жатқан фестиваль. Қатысушылар елордаға келіп, финалға дайындықты бастады.
20 жыл бойы фестиваль Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жүздеген жас қатысушыларды біріктіріп, оларды үлкен сахнаға шығарып, сенімділігін арттыруға көмектесіп келеді. Осы жылы іріктеу кезеңінен өткен 300 бала лауреат атанып, елордаға келді. Олар төрт номинация бойынша бақ сынайды: вокал, хореография, ыммен ән айту және аспаппен орындау.
Ең жарқын қатысушылардың бірі Жамбыл облысынан келген Інжу Тілеужан. Ол «Хореография» номинациясында бірінші орын иегері атанды.
«Фестивальге қатысу мен үшін өте толқынысты сәт болды. Мен Астанаға тұңғыш рет келіп тұрмын. Үлкен сахнада өнер көрсету менің арманым, және тым жақын арада ол орындалады. Бәріне сәттілік тілеймін», - деп бөлісті жас талант.
Оның ұстазы Роза Саржанова бұндай жобаларға қатысудың маңыздылығын атап өтті:
«Біз «Жұлдызай» фестиваліне төртінші рет қатыстық, бірақ республикалық кезеңге бірінші рет келіп тұрмыз. Бір жыл бойы дайындалдық. Інжу үшін бұл ұмытылмас тәжірибе, бірінші рет пойызбен саяхаттады, ел астанасында бірінші рет өнер көрсетеді. Ұйымдастырушыларға балаларымыз үшін осындай мереке сыйлағандары үшін алғыс білдіреміз. Фестиваль балаларға өз өздеріне сенуге және басқа балалармен достасуға көмектеседі».
Ақтық концерт 1 маусым күні 14:30-да Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе жек сарайында өтеді және «Астана» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі. Гран-при иегері fest.juldizai.kz сайтында жалпыхалықтық дауыс беру арқылы анықталады. Дауыс беруге барша жұртшылық қатыса алады.
Фестивальдің ұйымдастырушысы «Жұлдызай» Корпоративті қоры. Бас демеуші – BI Group құрылыс компаниясы. «Астана» телеарнасы ақпараттық қолдау көрсетеді.
«Жұлдызай» – бұл жай ғана фестиваль емес. Бұл ерекше балалар сенімді бола түсетін, қолдау табатын және бүкіл ел алдында өнер көрсетуге мүмкіндік беретін іс-шара.