Зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жеткізілді

Зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жеткізілді
6 мамыр күні Green Tower бизнес орталығында Өзбекстандағы бөгеттің бұзылуы салдарынан Түркістан облысындағы су басқан бірнеше елді мекен тұрғындарына шұғыл гуманитарлық көмек жиналды.
Таң атысымен-ақ жинау пунктіне барлық компаниялар мен жобалардың, BI Group бөлімшелерінің қызметкерлері зардап шеккендер үшін қазіргі карантин жағдайында қажетті азық-түлік пен керекті заттарды алып келді.
Көптен күткен жүкті Түркістандағы BI Construction & Engineering компаниясының "Оңтүстік" дивизионының қызметкерлері жеткізді. Жеңіс кентінің тұрғындары Атакент кентіне көшіріліп, мектепке орналастырылған екен. Онда 470 адам болған.
Жобаның HR-менеджері Жанерке Құлымжанова:
– Түркістаннан 6 сағат жол жүрдік. Өткен жылы Арыс қаласына көмектесуге барғанбыз. Бұл жолы барлығы ұйымдасқан түрде жүзеге асты. Жүкті алдын ала бекітілген бір адам ғана қабылдады. Өздерінің демалыс күніне қарамастан, бізге көмектескен "Hampton by Hilton" жобасы мен "Түркістан қ. 7 000 орынға арналған Стадион" жобасының жабдықтау жөніндегі мамандары Данат Садбаев пен Әмір Әділбековке алғыс айтамын.
Нәтижесінде құрылысшылар жинаған барлық заттар жеткізіліп, зардап шеккендерге таратылды. Тұрғындар осындай қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған компанияға дән риза.
Біз осы акцияға қатысқан әрбір жанға алғыс айтамыз.