Қазақстанда «Жұлдызай» фестивалінің Гран-при жүлдесіне қоғамдық дауыс беру өтіп жатыр

5 мамырдан бастап Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған ХХ республикалық «Жұлдызай» шығармашылық фестивалінің Гран-при иегеріне онлайн дауыс беру басталды. Ол 1 маусымда аяқталады.
Дауыс беруге fest.juldyzai.kz сайтында еліміздің әрбір тұрғыны қатыса алады. Бас жүлдеге байқаудың Республикалық кезеңінің қорытындысы бойынша кәсіби қазылар алқасы таңдаған бірінші орын лауреаттары үміткер бола алады.
Биыл Жұлдызай 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерейтойлық фестиваль қатысушылардың рекордтық санын – Қазақстанның барлық аймақтарынан 6000-нан астам баланы жинады. Оның ішінде 1370 жас өнерпаз финалға шықты. Келесі номинациялар бойынша барлығы 528 өтінім қаралды: вокал, хореография, аспапта орындау және әнді ымдау тілінде орындау.
«Мерейтойлық фестиваль біз үшін ерекше болды. Біздің әрбір бала құрметке лайық, ал жеңімпаздарды таңдау өте қиын болды. Халықтың дауысы – бүкіл елдің пікірін тыңдау және топ жарып, жүректерді жаулап алған нағыз өнерпаздарды тану мүмкіндігі», - дейді жоба директоры Алмагүл Сәлімбаева.
Жеңімпаздар 1 маусым күні Астанадағы «Жекпе-жек» сарайында өтетін гала-концертте жарияланатын болады. Бұл шара жобаның 20 жылдығына арналған фестиваль апталығының шарықтау шегі болмақ.
Еске сала кетейік, «Жұлдызай» фестивалі BI Group «BI-Жұлдызай» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асырылады және жиырма жыл бойы еліміздегі ерекше балалар өздерінің шығармашылық әлеуетін ашып, олардың үнін біз тыңдай алатын еліміздегі жалғыз алаң болып қала береді.
Ұйымдастырушылар барлығыңызды жас таланттарды қолдауға және финалистерге дауыс беруге шақырады:
«Сіздердің әрбір дауыстарыңыз кедергілерді жеңіп, армандар орындалатынын күн сайын дәлелдеп жүрген балаларға шабыт береді».