Жыл сайын өтетін «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындар аяқталды

Ерекше қажеттіліктері бар спортшылар үшін осы жылдың ең басты оқиғасы – Астана қаласында республикалық «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары мәресіне жетті. Айрықша іс-шара «QazSport» телеарнасының тікелей эфирінде 3 және 5 қазан аралығында көрсетілді.
Бұл ойындардың негізгі мақсаты – ерекше балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын ұстануға жетелеу, физикалық және интеллектуалдық ерекшеліктеріне қарамастан, спорт саласындағы потенциалын дамыту және жоғары жетістіктерге жетуге көмектесу.
Бұл ойындарға 10-16 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер қатысып, жеті спорт түрі бойынша жарысты: жеңіл атлетика, голбол, мини-футбол, үстел теннисі, бочча, ұлттық спорт түрлері: «бес тас», «асық ату» және «тоғызқұмалақ». Еліміздің әр өңірінен келген қатысушылардың жалпы саны 700-ден асып жығылды.
BI Group холдингі бұл ауқымды шараны тоғызыншы жыл қатарынан бас демеуші ретінде қолдап келеді. Биыл оны ұйымдастыруға сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, «Жұлдызай және К» қоғамдық қоры және Астана қаласы әкімдігінің спорт басқармасы да атсалысты.
Бас серіктестер: «Самұрық-Қазына» АҚ, «Sport qory» Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры және Ұлттық Паралимпиадалық комитет. Qazsport телеарнасы ақпараттық қолдау көрсетті.